Жаңалықтар

Тоқаев Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісін қызметінен босатты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азамат Кескінбаевты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Көлік-логистика саласын дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатты. Ол бұл лауазымда бір жылға жетпейтін уақыт жұмыс істеген, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Азамат Кескінбаев қызметінен босатылды

Кадрлық өзгеріс туралы 20 қарашада Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

«Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Бақытжанұлы Кескінбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Көлік-логистика саласын дамыту бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды», – деп жазылған ресми хабарламада.

Алайда оның қызметтен босатылу себебі нақтыланбаған. Азамат Кескінбаев аталған лауазымға 2025 жылғы 23 желтоқсанда тағайындалған. Осылайша, ол Президент Әкімшілігінде шамамен 11 ай қызмет атқарды.

Азамат Кескінбаев кім

Азамат Кескінбаев 1986 жылы Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Ақорданың ресми сайтында жарияланған өмірбаянына сәйкес, ол 2009 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Математика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2011 жылы Мәскеудегі Жоғары экономика мектебінде экономика магистрі дәрежесін алған. Ал 2025 жылы Назарбаев Университеті мен АҚШ-тың Duke University бірлесіп ұйымдастырған Executive MBA бағдарламасын аяқтаған.

Бұған дейін қандай қызметтер атқарған

Азамат Кескінбаев еңбек жолында қаржы және экономикалық талдау саласында бірқатар басшылық қызмет атқарған.

2011–2015 жылдары Мәскеудегі компаниялар тобында алгоритмдік сауда жүйелерін әзірлеу жөніндегі команданы басқарған.

2015–2019 жылдары «Қазпошта» АҚ-да бас менеджер, стратегия және экономикалық талдау департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2019–2020 жылдары осы компанияның экономика және кеңейтілген талдау департаментін басқарған.

2020–2022 жылдары ForteBank-те қаржылық талдау бағытының директоры болған.

Ал 2022–2025 жылдары «Қазпошта» АҚ-ның қаржы жөніндегі басқарушы директоры әрі басқарма мүшесі қызметін атқарған.

2025 жылғы желтоқсанда Президент Әкімшілігінің Көлік-логистика саласын дамыту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button