Жаңаөзенде «айналатын» жаяу жүргіншілер жолы жұрттың талқысына түсті

Жаңаөзенде жолға түсірілген жаяу жүргіншілер өткелінің жарық белгісі айналып, тұрғындарды таңғалдырды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бейнежазбада жаяу жүргіншілер өткелін көрсететін жарық белгісінің жол бетінде бір орында тұрмай, айналып жатқанын көруге болады. Қала тұрғындары мұндай ақау жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр.
«Енді жолдан қалай өтеміз? Егер көлік қағып кетсе, жүргізуші кінәсіз болып шыға ма?», – деп наразылық білдірген тұрғындар.
Әкімдік ақаудың себебін түсіндірді
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің мәліметінше, 19 қарашада Рахат ауылында жаяу жүргіншілердің түнгі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол бетіне жарық белгісін түсіретін гобо-проектор орнатылған.
Дегенмен ауа райының салдарынан құрылғы бұзылып, жарық белгісі жол үстінде айнала бастаған.
Әкімдік проекторды орнатқан мердігер ұйымға ақауды жою және құрылғының бастапқы баптауларын қалпына келтіру тапсырылғанын хабарлады.