Камераға жақындап, ішіне үңілді: кекіліктің ерекше әрекеті видеоға түсті
Қазақстанда кекіліктердің табиғи ортадағы тіршілігі бейнеленген ерекше кадрлар жарияланды. Тау бөктерін мекендейтін құстардың бірі фототұзаққа жақындап, камераға үңілген. Мамандар құстардың қыстағы тіршілігі мен ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Суық күнде күнге қыздырынған кекіліктер
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тасты беткейлерді мекендейтін кекіліктердің қызықты бейнежазбаларын жариялады. Кадрлардан желтоқсанның салқын таңында, ауа температурасы +2 градус болған кезде, бір топ кекіліктің тастардың үстіне шығып, күн сәулесіне қыздырынып жүргенін көруге болады.
Мамандардың мәліметінше, қыста кекіліктер көбіне топтасып тіршілік етеді. Бұл оларға қорек табуды жеңілдетіп, жыртқыштардан қорғануға көмектеседі. Сәуір айында тау бөктері жасыл желекке оранғанымен, кекіліктер өздерінің үйреншікті мекенін тастап кетпейді.
Кекілік неге ұшқаннан гөрі жүгіргенді қалайды
Кекілік – негізінен тасты және жартасты беткейлерді мекендейтін құс. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – ұшудан гөрі жерде жылдам жүгіріп қозғалуға бейімділігі. Қауіп төнген жағдайда кекілік тау беткейімен жоғары қарай шапшаң жүгіріп, жыртқыштан қашып құтыла алады. Құстың атауы да оның ерекше дауысымен байланысты. Кекілік «кек-кек» немесе «кеке-лек» дегенге ұқсас қатты дыбыс шығарады.
Фототұзаққа жақындаған кекілік мамандарды таңғалдырды
Комитет жариялаған соңғы бейнежазбада кекіліктердің бірі фототұзаққа жақындап, камераға үңіледі.
«Бізге қонаққа келгендей», – деп сипаттады бұл сәтті комитет өкілдері.
Кекілік спорттық аңшылықта да белгілі құстардың бірі саналады. Сонымен қатар оны арнайы шаруашылықтарда қолдан өсіреді. Азия мен Балқан түбегінің кейбір елдерінде кекіліктерді сәндік құс ретінде ұстайды. Ерекше дауысы үшін де бағалайды. Мамандардың мәліметінше, қолда дұрыс күтім жасалған жағдайда кекіліктер 20 жылға дейін өмір сүре алады.