Астана қаласы бойынша қаржылық департаменті ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік гранттарды жымқыру схемасын анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қаражат компания шоттарына аударылып отырған
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» акционерлік қоғамынан «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын іске асыру үшін жалпы қаржыландыру көлемі 350 млн теңгеге дейінгі грант алған. Алайда қаражат жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа да тауарлар үшін төлем жасау деген желеумен бақылаудағы компаниялардың шоттарына аударылып отырған.
– Атап айтқанда, жобада көзделген дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желінің орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған, – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Залал көлемі қанша
Анықталғандай, дайын өнім өндірілмеген және сатылмады. Нәтижесінде мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілген. Жымқырылған қаражат пайдаланылған өсімдік майын жеткізуге төлем жасау деген желеумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған.
Кейін бұл қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкерліктің шоттарына қайтарылып, жобаға қосқан өз қаражаты ретінде рәсімделген. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу шарттары бойынша бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған, – делінген материалда.
Тергеу жалғасып жатыр
Бұдан бөлек, жобаның іске асырылуын бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алып, анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсеткен жоқ. Одан бөлек, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген. ҚМА мәліметінше, екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен 6 автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.
Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді, – делінген ақпаратта.