Сингапурдан Астана мен Алматыға тікелей рейстер ашылады
Бұл жөнінде Монреаль қаласында өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе көлігі жөніндегі конференциясы кезінде талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Рейс жиілігі артуы мүмкін
Ресми іс-шараға Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Сингапурдың Азаматтық авиация басқармасының бас директоры Хан Кок Джуан қатысты.
Талғат Ластаев Астана мен Алматы бағыттарының іскерлік сапарлар үшін әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Туризм тұрғысында да тиімділігі сөз етілді. Сонымен қатар Қазақстан тарапы Сингапурмен әуе қатынасын кеңейтіп, рейс жиілігін арттыруға мүдделі екенін алға тартты.
Екі ел арасында әуе рейстері
Осы жылы қазаннан бастап SCAT әуе компаниясы Шымкент – Санья – Сингапур бағыты арқылы аптасына екі рет рейс орындай бастады. Бас қосуда бұл бағыттың ашылуы қос мемлекет арасындағы көлік байланысын нығайтып, туристік қатынастарды дамытуға ықпал ететіні тілге тиек етілді. Екі жақ әуе қатынасын кеңейтуден бөлек, авиациялық қауіпсіздік, аэронавигация және ммамандар даярлау мәселелерін де сөз етті.