Жаңалықтар

Merci, шампунь, дезодорант: Оралда супермаркеттерден тауар ұрлаған күдікті ұсталды

Орал қаласында бірнеше супермаркеттен косметикалық және азық-түлік тауарларын ұрлады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Полиция мәліметінше, күдікті дүкендерден 11 құты шампунь, 22 қорап шоколад және 10 құты дезодорант алып шыққан, деп хабарлайды Tizgin.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Шампунь мен шоколадты күртесінің қалтасына жасырған

ІІМ мәліметінше, жуырда Орал қаласындағы базар маңында орналасқан супермаркеттердің бірінде ұрлық дерегі тіркелген. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам сауда орындарындағы сөрелерде тұрған тауарларды жасырын алып кетуді әдетке айналдырған. Алғашқы жағдайда ол Head & Shoulders және Elseve маркалы шампуньдарды күртесінің қалталарына жасырып, ақысын төлеместен дүкеннен шығып кеткен.

Кейін сол супермаркетке қайта келіп, Merci шоколадтарын дәл осындай тәсілмен алып кеткен. Полиция дерегінше, күдікті аталған дүкеннен барлығы 11 құты шампунь мен 14 қорап шоколад ұрлаған.

Тағы екі супермаркеттен шоколад пен дезодорант жоғалған

Бірнеше күннен кейін ер адам базар маңындағы басқа супермаркетке барған. Онда ол 8 қорап Merci шоколадын ұрлады деген күдікке ілінген. Арада бір-екі күн өткен соң тағы бір сауда орнына кіріп, сөредегі 10 құты Old Spice дезодорантын алып кеткен. Осылайша, полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, күдікті бірнеше сауда орнынан жалпы 43 тауарды заңсыз алып шыққан.

Полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр

Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жарияланбайды. Осы оқиғадан кейін полиция сауда орындарының иелеріне қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынды.

Атап айтқанда, тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларын орнатып, олардың жұмысын бақылауға және сөрелердегі тауарлардың сақталуына мұқият назар аударуға шақырды. Күдіктінің кінәлі немесе кінәсіз екені соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button