TOP-1Спорт

Шайдоровқа еліктеген бала көп, ал мұз айдыны тапшы – министр

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Tizgin.kz тілшісінің сұрағына жауап беріп, Астанада мұз айдындарының тапшы екенін айтты.

Балалар неге спорт мектептеріне бара алмай жүр

Tizgin.kz тілшісі министр Ербол Мырзабосыновтан Астанадағы мемлекеттік спорт мектептеріне қабылдау мәселесін сұрады.

«Астанада спорт мектебіне тіркелу жағынан мәселе бар екені байқалады. Орын аз, ниет білдірушілер көп. Соның салдарынан балалар спортпен кәсіби түрде айналысу мүмкіндігінен қағылып отыр. Осы мәселе барын білесіз бе? Мемлекеттік спорт мектептеріндегі орын тапшылығын жою үшін қандай нақты шара қабылданып жатыр?» – деп сұрады тілші.

Мырзабосынов министрлікте елордадағы спорт секциялары, олардың орналасқан жері, жаттығу кестесі мен жаттықтырушылары туралы толық мәлімет бар екенін айтты. Оның сөзінше, Астанадағы спорт секцияларының саны халық санына сай.

«Бүгінгі күні Астана қаласында қай жерде орын тапшылығы бар, соны айтсаңыз. Министрлік тарапынан әр секцияның қай жерде өтетіні, оның кестесі, қандай жаттықтырушы жұмыс істейтіні жайлы толық мәлімет бар. Бүгінгі күні оны тексерудеміз. Шынымен де әр балаға спорт секциясы қолжетімді болуы керек. Мемлекет тарапынан Астана қаласындағы секциялардың саны халық санына сай деуге болады. Әрине, спорттық мекемелер жетіспеуі мүмкін. Бірақ спорт секцияларының саны көп», – деді министр.

«Мұз айдындары жаттықтырушылардың бәріне жетпеуі мүмкін»

Министрдің жауабынан кейін Tizgin.kz тілшісі редакцияға хабарласқан ата-ананың нақты жағдайын мысалға келтірді. Оқырман баласын мемлекеттік спорт мектебіндегі мәнерлеп сырғанау секциясына бергісі келген. Алайда бос орын болмағандықтан, баласы қазір ақылы спорт мектебінде жаттығып жүр.

Сауалға жауап берген министр мәнерлеп сырғанау, хоккей, шорт-трек және конькимен жүгіру сияқты қысқы спорт түрлерінде мұз айдындарының шектеулі болуы балаларды іріктеп қабылдауға себеп болатынын түсіндірді.

«Мұз айдындарының аздығына байланысты хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорт түрлерінде жаттықтырушылар балаларды іріктеп алады. Мүмкін, сол себептен бала белгілі бір талаптардан өтпей қалған шығар. Көп бала мәнерлеп сырғанауға барғысы келеді. Оған биыл Олимпиада жеңімпазының шығуы да әсер еткен болуы мүмкін. Шынымен де бұл жердегі басты проблема – мұз айдындарының барлық жаттықтырушыға жетпеуі», – деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы мәселе жаттықтырушылардың жетіспеуіне байланысты болса, оны шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

«Егер тапшылық жаттықтырушылар тарапынан болса, бізде бұл бағытта талдау жұмыстары бар. Шынымен солай болса, федерациямен және Ұлттық спорт университетімен бірлесіп, мәселені шешеміз», – деді Ербол Мырзабосынов.

Back to top button