Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері қашан ашылатыны белгілі болды
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мәселе Монреальда өткен халықаралық авиациялық конференция аясында екі елдің өкілдері арасында талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
АҚШ-қа тікелей рейстер қашан ашылады
Канаданың Монреаль қаласында өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе көлігі жөніндегі VII дүниежүзілік конференциясы аясында Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев АҚШ делегациясының басшысы, АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Дэниел Дж. Эдвардспен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын орнату және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Қазіргі уақытта Қазақстан АҚШ Федералдық авиациялық басқармасының (FAA) 1-санатын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қыркүйекте америкалық сарапшылар аудит жүргізіп, алдын ала оң нәтижелерді атап өткен.
«Біз Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүдделіміз және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екі ел арасындағы «Ашық аспан» келісімі бұл бастаманы жүзеге асыруға берік құқықтық негіз қалайды. Қалған рәсімдер жақын арада аяқталады деп сенеміз», – деді Талғат Ластаев.
АҚШ-қа қандай ұшақтар қатынайды
Кездесуде қазақстандық әуе компанияларының ұшақ паркін жаңарту мәселесі де қаралды. Air Astana 2026–2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл әуе кемелерін АҚШ-қа тікелей рейстерді орындау үшін пайдалану көзделген. Сонымен қатар Көлік министрлігінің мәліметінше, америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд доллар болатын 33 ұшақ жеткізу жөнінде келісімдер жасалған.
Талғат Ластаевтың айтуынша, АҚШ-пен тікелей әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы іскерлік және туристік байланыстарды нығайтып, Қазақстанның халықаралық көлік мүмкіндіктерін кеңейтеді.