Сиырын сатып, полицияға жалған хабар берген әйел жауапқа тартылды

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны сиырын 550 мың теңгеге сатып жіберіп, бұл әрекетін күйеуінен жасыру үшін полицияға малдың жоғалғанын хабарлаған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Оқиға Есіл ауданында болған. Әйел полицияға үйінен шығарда қақпаны жабуды ұмытып кеткенін, ал қайтып келгенде қара түсті, басы мен бауырында ақ дақтары бар сиырының жоғалғанын айтқан.
Хабарлама түскен соң полиция қызметкерлері мал ұрлығының белгілерін тексеріп, іздестіру жұмыстарын бастаған. Алғашқы күні аудандық полиция бөлімінің жеті қызметкері ауыл мен оның маңындағы аумақтарды аралап, тұрғындардан жауап алған.
Келесі күні іздеу жұмыстарына көршілес ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары, қызметтік итпен бірге кинолог және дрон операторы қосылған. Полицейлер аумақты тексеріп, бейнебақылау камераларының жазбаларын қараған.
Алайда тексеру барысында сиырдың ұрланбағаны да, жоғалмағаны да анықталды. Белгілі болғандай, әйел малды басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатып жіберген.
Ол мұндай қадамға әпкесіне қаржылай көмектесу үшін барғанын түсіндірген. Алайда сиырды күйеуінің келісімінсіз сатқандықтан, шындықты жасыру мақсатында полицияға жалған хабар берген. Осылайша тәртіп сақшылары екі күн бойы жоғалмаған малды іздеуге уақыт жұмсаған.
Құқық қорғау органдарын негізсіз шақырған әйел жауапкершілікке тартылды.