«Самұрық-Қазына» қорына жаңа басшы тағайындалады: Бектенов мәлімдеме жасады
Қазақстанда жақын арада «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл туралы 18 қарашада Премьер-министр Олжас Бектенов қор басшылығына қатысты жағдайға байланысты мәлімдеді. Оның айтуынша, жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жалғасып жатыр және бұл мәселе Президенттің бақылауында, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қордың жаңа басшысы жақын арада тағайындалады
Премьер-министр Олжас Бектенов құқық қорғау органдары қордың жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу шараларын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Үкімет басшысының айтуынша, құзырлы органдар заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, істің жан-жақты әрі объективті тергелуін қамтамасыз етуге тиіс.
Бектенов болып жатқан жағдай «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жалпы қызметіне күмән келтірмеуі керектігін атап өтті.
«Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқарудағы сабақтастық пен қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі», – деп жазылған Премьер-министрдің мәлімдемесінде.
Үкімет басшысы қор құрамындағы барлық компанияның қалыпты жұмыс режимінде қызметін жалғастырып жатқанын жеткізді. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады, ал инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақытылы әрі толық көлемде орындалуға тиіс.
«Самұрық-Қазына» қорында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау күшейтіледі
Тергеу аясында Үкімет корпоративтік басқару жүйесін нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Олжас Бектеновтің айтуынша, қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ аудит пен тәуекелдерді басқаруға жауапты бейінді комитеттердің рөлін күшейту қажет.
Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылады. Басқарушылық шешімдердің ашықтығын арттыру, басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту және ықтимал мүдделер қақтығысын дер кезінде анықтау көзделіп отыр. Премьер-министр негізгі міндет тек нақты заңбұзушылықтарға жауап қайтару ғана емес, олардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру екенін атап өтті. Үкімет халықаралық инвесторлармен және қаржы ұйымдарымен ұзақмерзімді ынтымақтастықты сақтауға ниетті екенін де растады.
«Самұрық-Қазына» басшыларының ұсталуына қатысты не белгілі
Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің өкілдері «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған болатын. Олар сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Тергеу мүддесіне байланысты қылмыстық істің егжей-тегжейі жарияланбай отыр.
18 қарашада аталған басшыларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілгені белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Бұған дейін, 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысында аталған тұлғалардың ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселелерінің бар екенін көрсететін елеулі белгі деп бағалаған.
Мемлекет басшысы Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған нақты шаралар әзірлеуді тапсырған болатын. Тергеу жұмыстары мен қор басшылығының алдағы уақытта ауысуына қарамастан, Үкімет «Самұрық-Қазына» қоры қолданыстағы барлық міндеттемелерін орындауды және жоспарланған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыратынын мәлімдеді.