«Самұрық-Қазына» қызметі тоқтаған жоқ: Үкімет ресми мәлімдеме жасады
Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қазіргі қызметіне қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомство қордың штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын және басқару тәртібі өзгермегенін хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Қор жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ағымдағы қызметіне қатысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен келіп түскен сауалдарға жауап берді.
«Самұрық-Қазына» АҚ және Қор тобына кіретін компаниялар өз қызметін штаттық режимде жалғастыруда. Өндірістік процестер, инвестициялық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар және инвесторлармен, кредиторлармен, серіктестермен өзара іс-қимыл белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуда. Инвестициялық келісімдер, кредиттік шарттар, шығарылған бағалы қағаздар бойынша міндеттемелер және өзге де шарттар заңды күшін сақтайды әрі олардың талаптарына сәйкес орындалуға жатады.
«Самұрық-Қазына» қорын кім басқарып отыр
Үкіметтің ресми мәлімдемесіне сәйкес, қор қызметіне ағымдағы басшылықты Басқарма мүшелері өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асыруда. Стратегиялық сипаттағы мәселелер бойынша шешімдерді директорлар кеңесінің төрағасы – Премьер-министр қабылдайды.
Үкімет қордағы бақылауды күшейтеді
Үкімет компаниялар тобының қызметі мен қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән береді. Директорлар кеңесі өз қызметінде «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алады. Осыған сәйкес комплаенс-қызметтердің жұмысы күшейтіліп, тәуекелдердің алдын алу тетіктері жетілдіріледі.