Қазақстанда емханаға бару тәртібі өзгеруі мүмкін
Қазақстанда дәрігерлер бір қабылдау кезінде науқасты тексеріп, дәрі-дәрмекке рецепт жазып, анықтама рәсімдей алады. Денсаулық сақтау министрлігі емханалардағы медициналық қызмет көрсету тәртібін жеңілдетуге бағытталған өзгерістер ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бір қабылдауда бірнеше қызмет
Министрлік амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Жобаға сәйкес, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда дәрігер бір қабылдауда бірнеше қызметті қатар көрсете алады. Атап айтқанда, науқасты қарап-тексеріп, рецепт жазып, анықтама рәсімдеп, қажетті профилактикалық қызметтерді көрсетуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ басқа созылмалы ауру бойынша жоспарлы бақылау нәтижелерін сол қабылдау аясында есепке алу ұсынылған. Бұл азаматтардың әрбір медициналық қызмет үшін емханаға қайта жазылу қажеттілігін азайтады.
Қосымша тексерулер
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің ең төменгі міндетті тізбесін бекітіп, қажет болған жағдайда оны науқастың денсаулық жағдайына қарай кеңейтуді ұсынып отыр. Күрделі клиникалық жағдайларда қосымша тексерулерді мамандар тобы тағайындай алады. Атап айтқанда, В және С вирустық гепатиттерін анықтау, сондай-ақ қанның ұю жүйесі мен жүйке-бұлшықет ауруларына қатысты МӘМС аясындағы тексерулер тізбесін нақтылау көзделген. Қосымша зерттеулер медициналық көрсетілімдер негізінде жүргізіледі.
Қағазбастылық азая ма
Жоба аясында дәрігер қабылдауы, көрсетілген қызметтер мен жазылған рецептер туралы мәліметтердің бір бөлігін медициналық ақпараттық жүйелерде автоматты түрде есепке алу жоспарланған. Министрліктің пікірінше, бұл құжаттарды қолмен толтыруды азайтып, дәрігерлердің науқастарға көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.
Әзірге аталған өзгерістер ұсыныс ретінде қарастырылып жатыр.