Ақтауда қаңғыбас иттер шабуылдаған ер адам суға секіріп, бас сауғалаған
Ақтаудағы Ақжелкен тұрғын алабында қаңғыбас иттер ер адамға шабуыл жасады. Жануарлардан қорғанбақ болған тұрғын теңізге қарай қашып, суға түсуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Tizgin.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Серуендеп жүрген әйелге де тап берген
Оқиға 17 қараша күні болды. Куәгерлер Алматыдан келген ер адам теңіз жағасында серуендеп жүргенде оған төрт ит тап бергенін айтты. Ол жануарлардан қашып, суға қарай жүгірген. Тіпті көмек сұрап айқайлаған көрінеді. Жағалау бойымен серуендеп жүрген тұрғындар ер адамды байқап, шұғыл қызметтерді шақырған.
Маңғыстау облыстық жедел жәрдем қызметі ер адамға медициналық көмек көрсетілгенін растады. Оған алғашқы көмек беріліп, кейін облыстық ауруханаға жеткізілген. Ал Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі қабылдау бөліміне екі адам жүгінгенін хабарлады. Ақ халаттылар жарақаттарын таңып, артынша амбулаториялық ем қабылдауға жіберген. Оқиға туралы жазба жариялаған тұрғын сөзінше, сол күні кешке иттер маңайда серуендеп жүрген әйелге де шабуыл жасаған.
Тұрғындар балалар үшін алаңдайды
Ақжелкен тұрғындарының сөзінше, жағажай мен қазір қоршау орнатылған канал маңында қаңғыбас ит көп. Олардың сөзінше, жануарлар кейде азуын ақситып, жаяу жүргіншілерге қауіп төндіреді.
Әсіресе, тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Себебі, бұл аумақ арқылы оқушылар күн сайын мектептен қайтады. Балалар теңіз жағасында да жиі серуендейді.
«Иттер барлық жерде жүр. Енді адамға шабуыл жасады. Балалар мектептен қайтқанда қатты алаңдаймыз. Осы мәселені шешудің бір жолы жоқ па?» – дейді ауыл тұрғыны.
Қаңғыбас иттер мәселесі қайта көтерілді
Ақтаудағы қаңғыбас жануарлар мәселесі бұған дейін де тұрғындар наразылығын тудырған. Бірқатар қала тұрғыны қараусыз жүрген иттерді аулап, адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтып келеді. Ал жануарларды қорғаушылар иттерге қатыгездік танытпай, мәселені адам сияқты жолмен шешуді ұсынады.
Жағажай маңындағы соңғы оқиға қаңғыбас жануарлар мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.