TOP-1Жаңалықтар

Алпыстан аса тіл маманы қазақ тілі нормаларын жетілдіруге кірісіп кетті

Қазақстанда қазақ тілінің қолданыстағы нормаларын жетілдіруге бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 60-тан астам тіл маманы мен ғалым жаңа сөздіктер мен анықтамалықтар әзірлеуге кірісті. Бұл туралы Вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

60-тан астам маман қазақ тілінің нормаларын жетілдіреді

Ерлан Қариннің айтуынша, тіл мамандары мен ғалымдар Мемлекет басшысының өткен аптада «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында берген тапсырмаларын орындауға кіріскен. Бұл жұмысқа 60-тан астам кәсіби маманнан тұратын сарапшылар тобы жұмылдырылады. Олардың алдында қазақ тілінің нормаларын жетілдіру, сөздік қорын жүйелеу және тілдің ғылыми негіздерін нығайту міндеті тұр.

«Оларға ұлттық деңгейдегі маңызды миссия жүктеліп отыр. Яғни, 60-тан астам кәсіби маманнан құралатын сарапшылар тобы тіл нормаларын жетілдірумен айналысатын болады», – деді Ерлан Қарин.

Президент бастамасы аясында тіл нормалары мен ережелеріне арналған 6 анықтамалық, 19 негізгі сөздік және 9 академиялық аударма сөздігін әзірлеу жоспарланған. Негізгі сөздіктер қатарында орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық және терминологиялық еңбектер бар. Осылайша, қазақ тілінің жазылу, айтылу, мағына және терминология мәселелерін қамтитын барлығы 34 еңбек дайындалмақ.

Әзірленетін сөздіктер мен анықтамалықтардың барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» атты ұлттық цифрлық платформаға жинақталады. Жаңа жүйе арқылы тіл мамандары, мұғалімдер, студенттер, журналистер және жалпы жұртшылық қажетті сөздіктер мен тілдік нормаларға бір жерден қол жеткізе алады. Ерлан Қариннің сөзінше, тіл жанашырлары мен ғалымдар осындай тарихи маңызы бар бастаманы жүзеге асыруға сенім артқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірген.

Қазақ тілі ғылым мен инновация тіліне айналуы керек

Ерлан Қарин қазақ тілінің болашағы туралы сөз қозғаған.

«Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай іс оңбайды» деген кең таралған сөзіне енді басқа пайым тұрғысынан қарау маңызды. Яғни, қазақ тілі ғылым мен инновация тіліне айналмай, ісіміз ілгерілемейді», – деді Вице-президент.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында қазақ тіліндегі жасанды сөздер мен орынсыз аудармалар мәселесін көтерген еді. Мемлекет басшысы «қылтима», «жеделсаты», «субұрқақ» сияқты сөздерді мысалға келтіріп, тілдің табиғи болмысын сақтауға назар аударған болатын. Кейбір сөздерді Тоқаев қажеті жоқ жасанды сөздер деп атады.

Back to top button