Жаңалықтар

Әзербайжан орыс мектептеріне бюджеттен ақша бөлуді тоқтатуы мүмкін

Әзербайжанда Парламент депутаты Хикмет Бабаоғлы орыс тілінде оқитын 157 мың оқушының білім алуына мемлекет қаржы бөлуді тоқтату керек деп мәселе көтерді. Бұл туралы APA агенттігі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Хикмет Бабаоғлы бұл мәселені Милли Мәжілістің келесі жылға арналған мемлекеттік бюджет жобасы талқыланған жалпы отырыста көтерді. Оның айтуынша, бүгінде Әзербайжанда 157 мың оқушы орыс тілінде, ал 1 миллион 570 мың бала әзербайжан тілінде білім алады. Депутат білім беру жүйесі тек оқыту мен тәрбие берудің құралы емес, ұлттық бірегейлік пен ұлттық идеологияны қалыптастыратын маңызды институт екенін атап өтті. Бабаоғлының мәліметінше, мемлекет жыл сайын бір оқушының білім алуына шамамен 2 мың манат жұмсайды. Осыған байланысты ол орыс тіліндегі білім беруді бюджет есебінен қаржыландырудың қаншалықты орынды екенін қайта қарау қажеттігін айтты.

«Мемлекеттік бюджеттен бір оқушыға жыл сайын 2 мың манат бөлінеді. Әзербайжанда ағылшын немесе қытай тілінде мемлекет есебінен білім алатын оқушылар бар ма? Іс жүзінде жоқ. Олай болса, орыс тілінің Әзербайжанда қандай ерекше мәртебесі бар? Неліктен 157 мың оқушы осы тілде білім алып, оның шығынын мемлекет өтеуге тиіс? Неге? Бұл туралы ойлануымыз керек», – деді депутат.

Ол мұндай жағдайдың жоғары оқу орындарында да қалыптасқанын жеткізді. Депутаттың пікірінше, мемлекеттік қаржы есебінен өзге тілде білім берудің негізділігіне назар аудару қажет. Айта кетейік, бұл әзірге депутат көтерген бастама ғана. Әзербайжан билігі орыс тіліндегі білім беруді бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату жөнінде ресми шешім қабылдаған жоқ.

Әзербайжанда «Орыс үйінің» қызметі тоқтатылған

Әзербайжанда орыс тілінің ықпалына қатысты мәселе бұған дейін де көтерілген. 2025 жылғы ақпанда ел билігі Бакудегі «Орыс үйінің» қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл мекеме Ресейдің шетелдегі мәдени-гуманитарлық ықпалын жүзеге асыратын «Россотрудничество» агенттігінің өкілдігі ретінде жұмыс істеген. Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапына «Россотрудничество» өкілдігінің қызметін тоқтату қажеттігі жөнінде дипломатиялық нота жолдады. Баку бұл шешімді ұйымның ел аумағында заңды тіркелуіне қатысты талаптармен байланыстырды. Осыдан кейін Бакудегі «Орыс үйі» өз қызметін тоқтатты.

Аталған оқиға Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас күрделене түскен кезеңге тұспа-тұс келді. Әсіресе 2024 жылғы желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырағаннан кейін екі ел арасындағы дипломатиялық қатынаста елеулі шиеленіс болған еді.

Back to top button