Қоғам

Шетелдіктерге мобильді оператор ауыстыру жеңілдейді: жаңа ереже қараша бітпей күшіне енеді

Қазақстанда ұялы байланыс операторын телефон нөмірін сақтап ауыстыру тәртібі өзгереді. Енді жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ шетел азаматтары да қазақстандық ұялы байланыс нөмірін сақтай отырып, басқа оператор қызметіне ауыса алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЖСН-і жоқ шетелдіктер операторды қалай ауыстырады

Тиісті өзгерістерді қарастыратын бұйрыққа Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев 10 қарашада қол қойған. Жаңа талаптар 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. Жаңа тәртіп бойынша, ЖСН-і жоқ шетел азаматтары телефон нөмірін сақтап, басқа мобильді операторға ауысу үшін жеке басын куәландыратын құжат нөмірі мен оның жарамдылық мерзімін көрсетуі керек. Бұл мәліметтер абоненттің қазіргі ұялы байланыс операторымен жасасқан келісімшартындағы ақпаратпен салыстырылады. Осылайша, ЖСН-і жоқ шетелдіктер үшін де нөмірді сақтап, оператор ауыстырудың нақты тәртібі бекітілді.

Өзгерістердің тағы бірі – өтінімді қарау уақытына қатысты. Бұған дейін қолданыстағы оператор жеке тұлғаның нөмірін басқа операторға ауыстыру мүмкіндігін 35 минут ішінде тексерсе, енді бұл мерзім 10 минутқа дейін қысқарады.

Алайда нөмірді толық көшіру мерзімі өзгеріссіз қалады. Жеке тұлғалар үшін ол 45 минутқа дейін, ал заңды тұлғалар үшін төрт жұмыс сағатына дейін белгіленген. Абонент оператор ауыстыруға өтінімді өзі ауысқысы келетін компания кеңсесінде немесе сол оператордың автоматтандырылған қызмет көрсету жүйесі арқылы бере алады.

Операторды алдын ала таңдай алады

Жаңартылған ережелерде оператор ауыстыру жиілігіне қатысты талап та сақталған. Атап айтқанда, абонент телефон нөмірін 60 күнтізбелік күнде бір реттен жиі басқа операторға көшіре алмайды.

Сонымен қатар алғаш рет іске қосылған жаңа нөмірлерге қосымша шектеу енгізіледі. Енді мұндай нөмірді басқа операторға ауыстыру үшін оның бекітілген күнінен бастап кемі 14 күн өтуі қажет. Абонент оператор ауыстыратын күнді алдын ала таңдай алады. Мұндай жағдайда нөмірді көшіру мерзімін ең көбі 30 күнге кейінге шегеруге рұқсат етіледі.

Корпоративтік нөмірлерді көшіру тәртібі өзгереді

Жаңа ережелер заңды тұлғалардың корпоративтік нөмірлерін басқа операторға толық немесе ішінара көшіру мүмкіндігін де қарастырады.

Толық көшіру кезінде компания өзіне тиесілі нөмірдің барлығын бір өтініммен ауыстыруға өтініш береді. Егер қолданыстағы оператор тізімдегі нөмірлердің кемінде біреуін көшіруден бас тартса, бүкіл өтінім қабылданбайды. Ал ішінара көшіру кезінде өзгеше тәртіп қолданылады. Яғни ауыстыруға рұқсат берілген нөмірлер жаңа операторға көшіріле береді. Басқа нөмірлер бойынша бас тарту туралы шешім қабылданса да, бұл мақұлданған нөмірлердің көшуіне кедергі келтірмейді.

Жаңартылған талаптар 2026 жылғы 24 қарашадан бастап күшіне енеді.

Back to top button