«Мемлекет мүддесіне қайшы әрекет»: Бектенов министрлер мен әкімдерге ескерту жасады
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда өндірілетін тауарларды шетелден сатып алуды мемлекет мүддесіне қайшы әрекет деп атады. Үкімет басшысы бюджет қаражаты ең алдымен отандық кәсіпорындарды қолдауға жұмсалуы тиіс екенін айтып, министрлер мен әкімдерге қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бектеновтің айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесінде қазақстандық өндірушілерге басымдық берілуі керек. Осыған байланысты ол Қаржы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жыл соңына дейін сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жойып, отандық кәсіпорындармен жасалатын келісімшарттардың көлемін ұлғайтуды тапсырды.
Сонымен қатар Өнеркәсіп министрлігіне қазақстандық өндірушілердің тізілімін жетілдіру міндеті жүктелді. Атап айтқанда, кәсіпорындардың нақты өндірісі бар-жоғын онлайн режимде тексеру үшін тізілімді мемлекеттік органдардың дерекқорларымен ықпалдастыру қажет. Бұл жұмыс кәсіпорындардың ұсыныстары ескеріле отырып, қысқа мерзімде жүргізілуі тиіс.
Үкімет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасының кең көлемде іске асырыла бастағанын да атап өтті. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне әкімдіктермен, «Бәйтерек» холдингімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бағдарламаға отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек. Ол ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Болды. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек», – деді Бектенов.
Премьер-министр Қазақстанда өндірілетін тауарлардың орнына импорттық өнім сатып алу тәжірибесін де сынға алды. Оның сөзінше, ел ішінде қажетті өнім шығарылып жатқанда, бюджет қаражатын шетелдік тауарларға жұмсау ұлттық экономиканың мүддесіне қайшы келеді.
«Егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз оны сатып алмай, импорттап әкелетін болсақ, ол мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек. Мұны Үкімет мүшелері, өңір басшыларына айтарым. Ескеріңіздер», – деді Үкімет басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Олжас Бектенов энергетика саласындағы ірі жобалардың мерзімін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram