Бектенов энергетика саласындағы ірі жобалардың мерзімін қатаң бақылауға алуды тапсырды
Премьер-министрі Олжас Бектенов электр энергетикасы саласының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Онда «Самұрық-Қазына» қорының жобалары және елдің энергетикалық егемендігін нығайту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Экономиканың өсуі, жаңа өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру және цифрлық инфрақұрылымды жедел дамыту аясында энергия жүйесіне жүктеме айтарлықтай арта түседі. Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге қол жеткізу міндеті үш бағыттың, атап айтқанда генерация қуаттарын арттыру мен электр желілерін дамыту және тұтыну көлемінің өсуін толық үйлестіруді талап етеді», – деді премьер-министр.
Оңтүстік пен батыста электр желілері күшейтіледі
Кеңесте KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжанов ұлттық электр желілерін дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын таныстырды.
Соның бірі – Қазақстанның оңтүстік аймағындағы электр желілерін күшейту жобасы. Оның аясында Алматы – Жамбыл – Шымкент бағытындағы электр энергиясын өткізу мүмкіндігі қосымша 440 МВт-қа артады.
Жобаны 2027 жылдың шілдесінде пайдалануға беру жоспарланған. Бұл оңтүстік өңірлерді электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, жаңартылатын энергия көздерін бірыңғай жүйеге қосуға қосымша мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін елдің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Жоба аясында электр энергиясын өткізу қабілетін 500 МВт-қа дейін ұлғайту көзделген.
Оның жүзеге асырылуы Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы электр стансаларының өндірістік әлеуетін тиімді пайдалануға, Ақтөбе энергия торабына түсетін жүктемені азайтуға және батыс өңірлердің электрмен жабдықтау сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Бұл жобаны 2027 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Ал оның екінші кезеңі 2035 жылы жүзеге асырылып, жоғары кернеулі электр желілерін өзара сақиналы схема бойынша байланыстыру жұмыстары аяқталмақ.
Сонымен қатар Алматы және Жетісу облыстарының электр желілерін дамыту жоспарлары қаралды. Бұл жобалар гидроэнергетиканы кеңейтуге және жаңартылатын энергия көздерінің жаңа нысандарын қосуға жағдай жасайды. Кеңесте «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Аңсар Айдаров жаңа электр қуаттарын іске қосу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Атап айтқанда, Алматыдағы ЖЭО-2-ні жаңғырту, ЖЭО-3-ті реконструкциялау, Көкшетау мен Семейде жаңа жылу электр орталықтарын салу, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту жобаларының орындалуы талқыланды.
Бұдан бөлек, Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғыларын салу, энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталған жаңартылатын энергия көздерін дамыту және гидроэнергетикалық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Премьер-министр жаңа электр стансаларын салу мен пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына ерекше назар аударды. Ол ұлттық электр желілерін дамыту жұмыстары электр энергиясын тұтыну көлемінің өсуінен озық қарқынмен жүргізілуі қажет екенін атап өтті.
Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2027 жылдың қыркүйегіне дейін елдің энергетикалық теңгерімін өзектендіру тапсырылды. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды күшейту міндеті қойылды.
ЖИ энергетика саласына миллиардтаған теңге үнемдеуге көмектеспек
Кеңес барысында Олжас Бектенов KEGOC компаниясының ұлттық электр желілерін күзгі-қысқы кезеңге дайындау жұмыстарымен және Ұлттық диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты.

Компания мәліметінше, энергетика саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу электр энергиясының ағынын тиімді басқаруға және желілердегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Алдын ала есептеулер бойынша, цифрлық шешімдерді қолданудың жыл сайынғы қаржылық тиімділігі 5,5 млрд теңгеге жетеді. Бұл компанияның EBITDA көрсеткішінің шамамен 3%-ына тең.
Бұған қоса, электр стансаларын жиілік пен белсенді қуатты автоматты реттеу жүйесіне қосу жыл сайын тағы 4 млрд теңгеге жуық қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Ұлттық диспетчерлік орталық елдегі электр энергиясын өндіру мен тұтыну теңгерімін бақылайды. Сондай-ақ KEGOC компаниясына қарасты 83 қосалқы стансаның жабдықтарын басқару осы орталық арқылы жүзеге асырылады. Жүйеде 50 мыңнан астам көрсеткіш жаңартылып отырады. Бұл электр желілеріндегі өзгерістерді жедел анықтап, ықтимал апаттардың алдын алуға жағдай жасайды.
Мәселен, жыл басынан бері «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік желісінде жүктеменің күрт артуына байланысты 70-тен астам жағдай тіркелген. Олардың 95%-ы тұтынушыларды электр энергиясынан ажыратпай-ақ реттелген.
Ал AI-KEGOC интеллектуалды платформасы 21 энергия торабы мен жаңартылатын энергия көздерінің 169 нысаны бойынша электр энергиясын өндіру және тұтыну көлемін бір тәулік бұрын болжай алады.
Цифрлық технологиялардың көмегімен «Солтүстік – Оңтүстік» негізгі энергетикалық дәлізінің өткізу қабілеті 250 МВт-қа артқан. KEGOC мәліметінше, бұл тұтас бір қаланың электр энергиясын тұтыну көлемімен шамалас. Маңыздысы, мұндай нәтижеге жаңа энергетикалық нысандар салуға қосымша қаражат жұмсамай-ақ қол жеткізілген. Сонымен бірге электр энергиясының технологиялық шығындары да азайтылған.
Үкімет басшысы энергетика саласындағы цифрландыру жұмыстарын жалғастыруды және жаңа қуат көздерін іске қосуға бағытталған жобалардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.