«Сен жалғыз емессің»: Қазақтың ұмыт қалған салт-дәстүрлерінің психологиялық мәні
Жаңа көршіні ерулікке шақыру, үлкен кісіге белкөтерер әзірлеу, соңғы сүр етті бөлісіп жеу, көшіп бара жатқан отбасымен дастарқан басында қоштасу. Бұл жоралғылар адамдар арасындағы байланысты қалай нығайтады? Психолог Назерке Көкебаева ұмытылып бара жатқан қазақ дәстүрлерінің психологиялық мәнін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Маманның айтуынша, осы дәстүрлердің әрқайсысында адамның басқа адамға көңіл бөлуі, оның жағдайын байқауы бар. Психологиялық тұрғыдан оларды «Сені байқадық», «Сен бізге керексің», «Арамыздағы байланыс маңызды» деген сөзсіз хабар ретінде қарастыруға болады.
«Адамға өзінің бір ортаға тиесілі екенін, қажет кезде қолдау сұрай алатынын сезіну маңызды. Кейбір дәстүрлер осындай байланысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл – олардың тарихи шығу тегіне берілген түсіндірме емес, қарым-қатынаста атқаруы мүмкін қызметіне психологиялық көзқарас», – дейді Назерке Көкебаева.
Ерулік: бейтаныс ортада өз орныңды табу

Жаңа жерге көшкен адам үйін ғана ауыстырмайды. Оның таныс ортасы, күнделікті бағыты, кімнен көмек сұрай алатыны да өзгереді. Осындай кезде «Бұл жерде мені қалай қабылдайды?», «Қиналсам, кімге жүгінемін?» деген сұрақтар туындауы мүмкін. Психологтың айтуынша, ерулік бейтаныс ортадағы алғашқы танысуға мүмкіндік береді. Қонаққа шақырылған адам көршілерінің жүзін көріп, атын біліп, әңгімелесе бастайды. Осылайша жаңа қоныста таныс адамдар пайда болады.
«Еруліктің психологиялық мәні шақырудан, қабылдауға дайын екеніңді білдіруден көрінеді. Адам мұны «Менің келгенімді байқады, менімен танысқысы келеді» деген ықылас ретінде сезінуі мүмкін. Мұндай қарым-қатынас жаңа ортаға үйренуге көмектесе алады», – дейді психолог.
Ерулік өзара көмек сұрауға да жол ашады. Бұрын сөйлескен, танысып үлгерген көршіден жөн сұрау мүлде бейтаныс адамның есігін қаққаннан жеңілірек болуы ықтимал. Дегенмен маман жақындасудың адамның таңдауын құрметтеуге негізделуі керегін атап өтті. Қонаққа шақыру міндеттеуге, ал танысу жеке өмірді орынсыз сұрастыруға айналмауы қажет.
Белкөтерер мен қап қағар: қамқорлықты сезіну және бөлісе білу

Белкөтерер – жасы ұлғайған кісіге арнайы ас әзірлеп беру дәстүрі. Оның психологиялық мәнін адамның қажеттілігіне назар аударып, жағдайын ескеруден көруге болады.
Назерке Көкебаеваның түсіндіруінше, кейбір үлкен кісілерге көмек сұрау оңай емес. Олар өзгеге салмақ салудан қысылуы немесе бұрынғыдай бәрін өзі істей алмайтынына қиналуы мүмкін. Осындайда ықыласпен ұсынылған ас қамқорлықтың нақты көрінісіне айналады.
«Арнайы тамақ дайындап апару «Сізді ұмытқан жоқпыз, жағдайыңыз біз үшін маңызды» деген сезім бере алады. Қамқорлық көрсеткенде адамның дербестігін сақтау керек. «Сізге не ұнайды?», «Не әкеліп берейін?» деп сұраудың өзі оның пікірін құрметтейтініңізді білдіреді», – дейді маман.
Ал үлкен кісінің орнына бәрін шешіп, онымен балаша сөйлесу жақсы ниеттің өзінде жайсыздық туғызуы мүмкін, сондықтан қолдау адамның қалауын ескергенде құнды.
Қап қағар дәстүрі қысқы азықпен байланысты: соғымнан қалған соңғы етті асып, көршілермен бөлісіп жеген. Психолог бұл жоралғыдағы қолда барды бөлісу мен бірге отырудың мәніне назар аударды. Ортақ дастарқан адамдарға күнделікті тіршіліктен сәл аялдап, бір-бірінің жағдайын білуге мүмкіндік береді. Әңгіме барысында кімнің көмекке мұқтаж екені, кімнің жалғызсырап жүргені байқалуы мүмкін.
«Бөлісудің ішінде «Сені дастарханымнан шет қалдырмаймын» деген ықылас бар. Дегенмен адам өз мүмкіндігіне қарамастан қонақ күтуге міндеттімін деп сезінсе, жақындықтың орнына қысым мен реніш пайда болуы мүмкін. Дәстүрді жалғастырғанда ерікті ниет пен адамның жағдайын ескеру маңызды», – деді Назерке Көкебаева.
Айырылысар көже: қоштасуға уақыт бөлу

Көршінің басқа жаққа көшуі сырттай қарағанда қарапайым тұрмыстық оқиға сияқты, бірақ ұзақ араласқан адамдар үшін бұл – күнделікті байланыстың өзгеруі. Бірге шай ішкен, балалары қатар өскен, бір-біріне қол ұшын берген кезең аяқталады. Айырылысар көже осы өзгерісті елеусіз қалдырмай, қоштасуға ортақ уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Адамдар бір-біріне алғыс айтып, естеліктерін бөлісіп, қимастығын жеткізе алады.
«Кейде күнделікті араласуда айтылмай жүрген «Сізге рақмет», «Сіздерді сағынамыз» деген сөздер қоштасу кезінде айтылады. Мұндай басқосу қарым-қатынастың адам өмірінде маңызды орын алғанын мойындауға мүмкіндік береді. Қоштасу мұңды бірден жоймайды, бірақ оны білдіруге жағдай жасайды», – деді психолог.
Маманның пікірінше, бұл дәстүрлердің ортақ қыры – адамның өміріндегі өзгерістер мен қажеттіліктерді өзгелердің байқауы. Бірі жаңа ортаға келеді, біріне қамқорлық қажет, енді бірі көшіп барады. Осындай сәттерде айналасындағы адамдардың ықыласы қолдау ретінде сезілуі мүмкін.
«Дәстүрдің бүгінгі құндылығы бір-біріміздің жағдайымызды сұраудан, көмек ұсынудан, алғыс айтып, қоштасуға уақыт табудан көрінеді. Адамның шекарасы мен мүмкіндігі ескерілгенде, мұндай әрекеттер жақындық пен өзара қолдауға қызмет етеді», – деп түйіндеді Назерке Көкебаева.