Спорт

414 млн теңгенің ісі: ҚМА Лорияның не үшін іздеуде жүргенін түсіндірді

Қаржылық мониторинг агенттігі «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға қатысты қылмыстық істің мән-жайын жариялады. Ол бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Тергеу дерегінше, мемлекетке келтірілген болжамды залалдың жалпы көлемі 414 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 72 жастағы Григорий Лория мемлекетаралық іздеуге жарияланған. Тергеу футбол клубының қаржылық қызметіне байланысты жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 2023 жылы «Қызыл-Жар СҚ» клубын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.

Жалған құжаттар арқылы ақша аударылған

Тергеу нұсқасына сәйкес, клубтың бұрынғы басшысы бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласқан. ҚМА мәліметінше, олар жалған қаржылық құжаттарды пайдаланып, клуб қаражатын жеке есепшоттарға заңсыз аударған деген күдікке ілінген. Бұдан бөлек, бухгалтерлік және салық есептілігін жүргізу барысында да заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізіліп, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы қоры және ұйымның жылдық жиынтық кірісі төмендетіліп көрсетілген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің есебінше, бюджет қаражатын болжамды жымқыру мен салық төлеуден жалтарудың жалпы сомасы 414 млн теңгеден асады. Қазір тергеу органдары аталған қаржылық операциялардың мән-жайын анықтап жатыр.

ҚМА азаматтардан көмек сұрады

Қазіргі уақытта Григорий Лорияның қайда жүргені анықталып жатыр. ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті 1954 жылғы 18 наурызда Гудаута қаласында дүниеге келген бұрынғы клуб басшысын мемлекетаралық іздеуге жариялаған.

Агенттік оның жүрген жері туралы қандай да бір мәліметі бар азаматтарды +7 (7172) 70-84-78 телефоны арқылы хабарласуға шақырды.

Айта кетейік, Григорий Лория футбол саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған. Ол Петропавлдың «Қызыл-Жар СҚ» клубының президенті болған. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденген жоқ.

Back to top button