Спорт

«Қазақстанға бара берсін» деген Ямальдың сөзі желіде қызу талқыға түсті

Каталониялық «Барселона» клубының және Испания құрамасының шабуылшысы Ламин Ямаль Чемпиондар лигасындағы алдағы матч туралы айтып, Қазақстан мен Әзербайжанды шатастырып алды. Футболшы жанкүйерлеріне Қазақстанда өтетін ойынға билет сыйлағысы келетінін мәлімдеген. Алайда оның командасы келесі кездесуін Бакуде өткізеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қазақстанға бара берсін»: Ямаль не деді

Оқиға 19 жастағы футболшының YouTube арнасында жарияланған жаңа бейнежазбада болған. Роликте Ламин Ямаль көлікпен қала аралап, жанкүйерлеріне түрлі сыйлықтар таратады. Олардың арасында Чемпиондар лигасының матчына билет пен футболшының қолтаңбасы қойылған бутсы да бар. Сыйлықтарды талқылау кезінде Ямаль қай ойынға билет берген дұрыс екенін айтып, күтпеген жерден Қазақстанды атайды.

«Бір сұрақ: бұл Чемпиондар лигасының қай матчы болады? Өз басым Қазақстанда өтетін ойынға билет берер едім! Қазақстанға бара берсін!» – дейді футболшы бейнеоператорына.

Алайда Ямаль ел атауын шатастырған. Мұны бейнежазбаны монтаждаған мамандар да аңғарғанға ұқсайды. Футболшы Қазақстан туралы айтқан сәтте экранда «*Azeybarjan» деген түзету жазуы пайда болады. Өйткені «Барселона» 25 қарашада Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында Әзербайжанның «Сабах» клубымен Бакуде кездесуі тиіс.

Бір қызығы, әзербайжандық команданың капитаны – қазақстандық қақпашы Стас Покатилов. Сондықтан Ямаль Қазақстанға келмесе де, алаңда қазақстандық футболшымен кездесуі мүмкін.

Испания алпауыттары мен Қазақстан футболының байланысы

Испанияның әйгілі клубтарының Қазақстанмен байланысы мұнымен шектелмейді. Былтыр мадридтік «Реал» Чемпиондар лигасы аясында Алматыға келіп, жергілікті «Қайратпен» кездескен болатын. Ойын 5:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталғанымен, бұл матч қазақстандық футбол тарихындағы ең көп талқыланған спорт оқиғаларының біріне айналды. Билеттердің қымбаттығына қарамастан, стадион лық толып, жанкүйерлер мадридтік клубтың ойыншыларын әуежайдан бастап қарсы алған еді.

Ал Ламин Ямаль бүгінде әлем футболындағы ең қымбат әрі болашағынан зор үміт күттіретін ойыншылардың бірі саналады. Transfermarkt порталы оның трансферлік құнын 220 миллион еуроға бағалайды. Бұл көрсеткіш бойынша испаниялық футболшы норвегиялық шабуылшы Эрлинг Холандпен бірінші орынды бөліседі. Ямаль биыл «Алтын доп» сыйлығына дауыс беру қорытындысында үшінші орын алған.

Back to top button