TOP-2Жаңалықтар

Қазақ тілі алғаш рет БҰҰ-ның жасанды интеллект жүйесіне енгізілді

Қазақ тілі алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) жасанды интеллектке негізделген автоматты субтитрлеу жүйесіне енгізілді. Енді халықаралық жиындарға қатысушылар талқылауларды қазақ тіліндегі субтитр арқылы нақты уақыт режимінде бақылай алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақ тілі 20 тілдің қатарына енді

Бұл туралы 9 қарашада Швейцарияның Женева қаласында өткен Зияткерлік меншік және жасанды интеллект жөніндегі алғашқы жаһандық форумда (Global Forum on IP and AI) хабарланды. 9–10 қараша күндері Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылған халықаралық жиында қазақ тілі ұйымның автоматты субтитрлеуге арналған тәжірибелік жүйесіне қосылғаны белгілі болды.

Аталған жүйе жасанды интеллект технологияларының көмегімен халықаралық талқылауларды нақты уақыт режимінде субтитрлеуге мүмкіндік береді. Қазақ тілі осы жүйеге енгізілген 20 тілдің бірі атанды. Бұл бастама қазақ тілінің халықаралық ғылыми және технологиялық ортада қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жаңа мүмкіндік

Жаңа мүмкіндіктің арқасында қазақстандық ғалымдар, өнертапқыштар, сала мамандары мен мемлекеттік органдардың өкілдері Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының халықаралық іс-шараларындағы пікірталастарды қазақ тіліндегі субтитр арқылы бақылай алады. Әсіресе зияткерлік меншік, инновация және жасанды интеллект салаларындағы халықаралық тәжірибемен танысу үшін бұл бастаманың маңызы зор.

Сонымен қатар қазақ тілінің мұндай жүйеге енгізілуі оның цифрлық технологиялар саласындағы қолданысын кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.

Айта кетейік, әзірге сөз Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының тәжірибелік автоматты субтитрлеу жүйесі туралы болып отыр. Бұл қазақ тілі БҰҰ-ның ресми тілі мәртебесін алды дегенді білдірмейді.

Back to top button