Жаңалықтар

Тоқаев ҰҚШҰ саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысу үшін Мәскеуге барды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әуежайда ресми өкілдер қарсы алды

Ресей астанасының әуежайында Қазақстан президентін Ресей үкіметінің ресми өкілдері қарсы алды.

Мәскеудегі отырыста ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары жиналады. Бұған дейін БАҚ-та ол отырысқа Армения премьер-министрі Никол Пашинянның қатыспайтыны хабарланған еді.

Жиында не талқыланады

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы Мәскеуде 11 қарашада өтеді. Ресейлік БАҚ-тың Кремльге сілтеме жасап хабарлауынша, ұйымға мүше елдердің басшылары өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру шараларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылайды.

Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ның қорытынды декларациясына және Ресей бастамасымен әзірленген 2030 жылға дейінгі антитеррорлық стратегияға қол қою жоспарланған. Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ұйымға төрағалық Ресейден Тәжікстанға өтеді.

Back to top button