TOP-2Геосаясат

Әбу-Дабидегі келіссөз аяқталды: соғысты тоқтату мәселесі не болды

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ өкілдерінің екі күнге созылған келіссөзі аяқталды. Тараптар соғысты тоқтату мүмкіндігін, қауіпсіздік кепілдіктерін, энергетика мен Қара теңіздегі қауіпсіздік мәселелерін, сондай-ақ әскери тұтқындарды алмасу шарттарын талқылады. Алайда негізгі мәселелер бойынша түпкілікті келісімге қол жеткізілгені туралы ақпарат жарияланған жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

11 қарашада өткен келіссөздің екінші күніндегі консультациялар екі сағатқа жетпей аяқталған. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі хабарлады. Кейін келіссөздің аяқталғанын AFP украин делегациясындағы дереккөзіне, ал Reuters өз ақпарат көзіне сүйеніп растады. Кездесулер АҚШ-тың араағайындығымен ұйымдастырылып, Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатудың ықтимал жолдарын талқылауға арналды.

Киев алдымен атысты тоқтатуды талап етті

AFP агенттігінің украин делегациясындағы дереккөзіне сүйенсек, Киев келіссөз барысында ең алдымен әскери қимылдарды тоқтату қажеттігін алға тартқан. Украина тарапының ұстанымы бойынша, Еуропаның болашақ қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру жөніндегі келіссөздер атысты тоқтату туралы уағдаластықтан кейін ғана жүргізілуі керек. Алайда бұл мәселеде тараптардың көзқарасы бір жерден шықпаған.

Украина делегациясын басқарған, елдің Сыртқы барлау қызметінің жетекшісі Рүстем Умеров келіссөздің екінші күні алдымен АҚШ пен Ресей қатысатын үшжақты кездесу, одан кейін еуропалық серіктестермен жеке консультациялар өтетінін мәлімдеген. Талқылаудың негізгі бағыттары қатарында энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігі, Қара теңіздегі жағдай және мемлекет басшылары деңгейінде кездесу өткізу мүмкіндігі болған.

Келіссөздегі маңызды мәселелердің бірі – соғыс аяқталғаннан кейін Украинаның қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету. AFP дерегінше, Киев болашақта Ресей тарапынан жаңа әскери агрессияның алдын алу үшін 800 мың адамдық армияны кемінде он жыл бойы қаржыландыруға халықаралық қолдау алуға ұмтылып отыр. Украина билігі мұндай кепілдіктерді елдің ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі ретінде қарастырады.

Бұған дейін, 10 қарашада өткен келіссөздің алғашқы күнінде тараптар қауіпсіздік кепілдіктерімен қатар әскери тұтқындарды алмасу мәселесін де көтерген. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, «1000 адамға 1000 адам» немесе «1500 адамға 1500 адам» формуласы бойынша тұтқын алмасу мүмкіндігі талқыланған. Алайда әзірге бұл бастамалар бойынша түпкілікті келісім жасалғаны хабарланған жоқ.

Донбас мәселесі және Еуропаның қауіпсіздік кепілдіктері

Әбу-Дабидегі келіссөздің ең күрделі тақырыптарының бірі Украина аумағына қатысты талаптар болды. Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей делегациясы Донбастағы жағдайды көтеріп, аймақтың Ресей бақылауында емес бөліктеріне қатысты өз ұстанымын білдірген. Украина президенті ресейлік тараптың майдандағы нақты жағдайды бұрмалап көрсеткенін мәлімдеді.

«Ресейліктер Донбастың қазір біздің бақылауымызда тұрған жартысын басып алғандарын айтып, соған өздері сенетіндей көрінеді. Мұны әскери офицерлер мен Ресей барлауының өкілдері өте байыппен айтты», – деді Зеленский.

Оның сөзінше, америкалық тарап майдандағы жағдайға қатысты Украинаның бағалауымен келіскен. Дегенмен аумақтық мәселеде тараптардың ұстанымдары әлі де алшақ. Киев халықаралық деңгейде мойындалған шекаралары мен егемендігін сақтауды талап етсе, Мәскеу соғыс барысында басып алған аумақтарға қатысты өз талаптарын алға тартып отыр.

Келіссөздерге Еуропаның қатысуы да маңызды мәселеге айналған. Financial Times мәліметінше, еуропалық шенеуніктер қырғи-қабақ соғыс кезеңінде қолданылған әскери шиеленістердің алдын алу тетіктерін қайта қарастыруға дайын. Атап айтқанда, әскери нысандарды өзара бақылауға мүмкіндік берген «Ашық аспан» шартына ұқсас механизмдер мен белгілі бір санаттағы зымырандарды орналастыруды шектейтін келісімдер талқылануы мүмкін.

Сонымен қатар Axios басылымы Ақ үйдің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Абу-Дабидегі кездесулерден кейін Мәскеу мен Киевке баруы ықтимал екенін хабарлады. Мұндай сапарлар жүзеге асқан жағдайда үшжақты келіссөзде көтерілген мәселелерді екі тараппен жеке талқылауға мүмкіндік туады.

Осылайша, Әбу-Дабидегі екі күндік кездесу Ресей мен Украина арасындағы негізгі қайшылықтардың әлі шешілмегенін көрсетті. Тараптар тұтқын алмасу, энергетика және қауіпсіздік мәселелерін талқылағанымен, соғысты тоқтатудың басты шарттары бойынша ортақ шешім жарияланған жоқ.

Back to top button