ҰҚК тергеуінде аты аталған шенеунік қызметінен өз еркімен кетті
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов қызметінен кетті. Бұған дейін оның есімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген қылмыстық іс аясында аталған болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Мұқасовтың өз өтініші негізінде жұмыстан босатылғанын растады. Ол Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін бір жарым жылдан астам уақыт атқарған. Әзірге оның қызметтен кетуіне қатысты өзге мән-жайлар жарияланған жоқ.
Әкімнің жаңа орынбасары кім
Мейіржан Мұқасовтың орнына бұған дейін Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарған Айдулат Кенжебеков тағайындалды. Енді ол қала әкімдігінде ішкі саясат, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар салаларына жетекшілік етеді.
Айдулат Кенжебеков 1987 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 2008 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында бастап, кейін осы мекемеде бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2019–2022 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 2022 жылдың желтоқсанынан бастап Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды. Енді ол облыс орталығындағы әлеуметтік-экономикалық және ішкі саясат бағыттарына жауап береді.