TOP-1Экономика

Қазақстан екі АЭС құрылысын қатар жүргізуге дайын ба

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Балқаш АЭС құрылысын 2027 жылы бастауды ұсынды. Сондай-ақ Мойынқұмдағы екінші АЭС-ті тезірек салып абстау үшін кешенді ынтымақтастық келісімін әзірлеуді тапсырды. Демек, екі станцияны қатар салу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Атом энергетикасының шикізат базасы бойынша Қазақстанның мүмкіндігі мығым. «Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания саналады. 2025 жылы Қазақстанда 25,8 мың тоннаға жуық уран өндіріліп, әлемдік өндірістің шамамен 40 пайызына ие болды. Қазір компания алты учаскеде, жалпы ауданы 1 мың шаршы шақырымнан асатын аумақта геологиялық барлау жүргізіп жатыр. Қызылту учаскесінде де жаңа барлау жұмыстары басталмақ. Мемлекет стратегиялық уран қорын қалыптастыруды көздеп отыр.

Ядролық отын өндірісінде де отандық кәсіпорын бар. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты базасында жұмыс істейтін Ulba-FA кәсіпорны жылына 200 тонна уранға баламалы көлемде отын жинақтарын өндіруге қауқарлы. 2025 жылы кәсіпорын Қытай атом электр станцияларына алты партия отын жеткізді. Бұл Қазақстанның уран шикізатын ғана емес, қосылған құны жоғары өнімді де экспорттай алатынын көрсетеді.
Кадр мәселесі де алдын ала жоспарланып отыр. Үкімет 2027-2031 жылдарға арналған атом саласы мамандарын даярлау жоспарын бекітті. Жоспардағы үш АЭС-тің болашақтағы қажеттілігін есептегенде, станцияларды пайдалануға шамамен 6 мың қызметкер керек болады. Жоспар аясында кемінде бес жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларын жаңарту, зертханалық базасын дамыту және 2031 жылға дейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы шамамен 100 маманды даярлау қарастырылған.

Бұл деректер Қазақстанда атом энергетикасының шикізат және отын өндірісі бойынша қалыптасқан негіз бар екенін көрсетеді. Алайда екі станцияны қатар салуға дайындықты уран қорының көлемімен ғана өлшеуге болмайды. Құрылысқа қажетті инженерлік кадр, отандық кәсіпорындардың қатысуы, ядролық қауіпсіздік инфрақұрылымы және станцияларды ұзақ мерзім пайдаланатын мамандарды даярлау жұмыстары да қатар жүруі қажет.

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің пікірінше, Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға қажетті ғылыми база мен кадрлық әлеует бар.

“Атом энергетикасын дамыту еліміздің электрмен жабдықтау мәселелерін шешіп қана қоймай, жоғары білікті инженерлер, ғалымдар және мамандар тобын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл отандық ғылымға да қуатты серпін береді, – дейді ғалым.

Алғашқы АЭС жобасының бас мердігері ретінде Ресейдің «Росатом» компаниясы таңдалған. Ал екінші АЭС-ті салу үшін Қытайдың CNNC корпорациясы таңдалды.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев алғашқы станцияның екі энергоблогын салу құнын шамамен 15 млрд доллар деп бағалаған. Кейінгі мәліметтерде құрылыс құны 14,4 млрд доллар, ал қауіпсіздік жүйелері мен әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша 2 млрд доллар қажет екені айтылды. Бұл есеп алғашқы АЭС-ке қатысты. Екінші станцияның құны әзірге жарияланған жоқ.

Back to top button