TOP-2Тергеу

«Қатаң тыйым салды»: министр Нұрбек ҚазҰУ студентінің өлімі жайлы сұраққа жауап берді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентінің өлімі жөнінде сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, Алматы полициясы тергеу аяқталғанға дейін университет басшылығына бұл іс жөнінде ақпарат таратуға тыйым салған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

11 қарашада Құрылтайда журналистердің сұрағына жауап берген Саясат Нұрбек университет әкімшілігі марқұм студенттің отбасына хабарласып, қажетті көмек көрсеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, оқу орны қайғылы оқиғадан кейін туыстарына шығып, тиісті шығындар көтеріп алған.

«Полиция қатаң тыйым салды»

Саясат Нұрбектің айтуынша, университет басшылығы студенттің қамқоршыларына бірден хабарласқан. Министр оқу орны өз құзыреті шеңберінде қажетті шараларды қабылдағанын атап өтті.

«Біз бірден қамқоршыларға хабарластық. Барлық шығынды университет өз мойнына алды. Төлемді де қалпына келтірдік. Қандай да бір көмек көрсету мәселесі бойынша әкесімен және қамқоршыларымен тікелей байланыстамыз. Бізден талап етілген барлық шараны орындадық», – деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатқанын айтып, журналистерді ресми түрде расталмаған мәліметтерді жариялауда сақ болуға шақырды.

«Сотқа дейін тергеу органдары жүргізіп жатқан әрекеттер туралы мәліметтер жарияланбауға тиіс. Біз де бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен осыны ескеруді шын жүректен сұраймыз. Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Тергеу жүріп жатқандықтан, біз ресми түрде ешқандай түсініктеме берген жоқпыз. Себебі Алматы қаласының полиция департаменті университетке қандай да бір ақпарат жариялауға қатаң тыйым салды. Процестік әрекеттер жүріп жатқан кезде жарияланатын ақпаратқа мұқият болуларыңызды сұраймыз», – деді Саясат Нұрбек.

ҚазҰУ студентінің өлімі

Еске салайық, 6 қарашада Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған бірінші курс студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Қайғылы оқиға қоғам назарын аудартқан. Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Әзірге студент өлімінің нақты мән-жайы мен себебі туралы түпкілікті ресми қорытынды жарияланған жоқ.

Back to top button