Садыр Жапаров келесі президент сайлауына қатысады
Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаров алдағы президент сайлауына қатысуға ниетті. Ол өзін-өзі ұсыну тәртібімен кандидатурасын ұсынып, елдің Орталық сайлау комиссиясына тиісті өтініш жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Қырғызстан ОСК-сының ресми мәліметіне сілтеме жасап.
Қырғызстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы 10 қарашада Садыр Жапаровтың президенттікке кандидатурасын ұсынғанын хабарлады.
«Садыр Нұрғожоұлы Жапаров Қырғыз Республикасының президенті лауазымына өзін-өзі ұсыну тәртібімен кандидатурасын ұсыну туралы өтініш берді», – делінген Орталық сайлау комиссиясының хабарламасында.
ОСК мәліметінше, 10 қарашадағы жағдай бойынша президенттікке үміткерлерден барлығы алты өтініш түскен. Кандидаттарды ұсыну науқаны 13 қарашаға дейін жалғасады.
Айта кетейік, Жапаровтың өтініш беруі оның президенттікке кандидат ретінде ресми тіркелгенін білдірмейді. Тіркеу мәселесі сайлау заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес шешіледі. Қырғызстандағы кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген.
Сайлау күнін биыл 24 қыркүйекте Жогорку Кенеш, яғни Қырғызстан парламенті бекіткен. Қабылданған қаулыға сәйкес, президент сайлауы мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі аяқталатын жылдың қаңтар айының төртінші сәрсенбісінде өткізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылы өтетін сайлауға қатысып, мемлекет басшысы қызметіне екінші мерзімге таласатынын мәлімдеген еді.