TOP-2Спорт

Қазақстан футбол құрамасы 95-ші минутта жеңісті уысынан шығарып алды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы соңғы кездесуін өткізді. Астанада Словакияны қабылдаған отандастарымыз екі мәрте есепте алға шыққанымен, ойынның соңғы секундтарында жеңісті сақтап қала алмады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстан екі мәрте алға шықты

16 қарашада «Астана Арена» стадионында өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Словакиямен 2:2 есебімен тең түсті. Матчқа әзербайжандық төреші Әлияр Ағаев бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Кездесудің алғашқы минуттарында қос команда да сақ ойнап, айтарлықтай қауіпті сәттер туындай қойған жоқ. Алайда 29-минутта Қазақстан құрамасының шабуылшысы Ислам Чесноков қарсылас қақпасын дәл көздеп, есеп ашты. Осы голдан кейін ойын қарқыны күшейіп, екі құрама да шабуылға жиі шыға бастады. Бірінші тайм алаң иелерінің басымдығымен аяқталды.

Екінші таймның басында словакиялық футболшылар белсенділік танытып, 56-минутта Роберт Боженик баспен гол соғып, таразы басын теңестірді. Дегенмен арада тоғыз минут өткенде Ян Вороговский айып алаңының ішінен қарсылас қақпасының алыс бұрышын дәл көздеп, Қазақстанды қайтадан алға шығарды. Осылайша отандастарымыз кездесудің негізгі уақыты аяқталғанға дейін 2:1 есебімен жеңіп тұрды.

Соңғы секундтағы гол жеңісті жоққа шығарды

Қазақстан құрамасы матчтың соңына дейін есептегі басымдығын сақтауға тырысқанымен, төреші қосқан бесінші минутта қорғаныста сыр берді. Словакия құрамасының ойыншысы Адриан Капралик 90+5-минутта гол соғып, командасын жеңілістен құтқарып қалды. Қорытынды есеп – 2:2.

Осылайша Қазақстан құрамасы өз алаңында жеңіске жетуге тамаша мүмкіндік алғанымен, шешуші сәтте үш ұпайдан қағылды. Ұлттар лигасының С дивизионындағы үшінші топта өнер көрсеткен ұлттық құрама жарысты үш ұпаймен аяқтап, турнир кестесінде соңғы орынға тұрақтады.

Қазақстан – Словакия – 2:2 (1:0).

Гол авторлары: Ислам Чесноков (29-минут), Роберт Боженик (56-минут), Ян Вороговский (65-минут), Адриан Капралик (90+5-минут).

Back to top button