TOP-1Қоғам

Мектептен жұмыс орнына дейін: Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдарға қалай қолдау көрсетіледі

Қазіргі уақытта Астанада орта білім беру деңгейінде 5 мыңнан астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. Ал Алматыда зағип тұрғындар мен туристер қаланың көрнекті ғимараттарының сәулетін қолмен сипап тани алады. Tizgin.kz елімізде білім беру, еңбек және қала өмірінде инклюзия қалай дамып келе жатқаны туралы жазады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда мүгедектігі бар 762,3 мыңнан астам адам тұрады. Оның 125,1 мыңы – 18 жасқа толмаған балалар. Күнделікті өмірде олардың қажеттіліктері әртүрлі. Бір адам үшін ғимаратқа өз бетінше кіріп-шығу маңызды болса, енді біріне оқу материалын экрандағы мәтінді дыбыстайтын бағдарлама арқылы оқу немесе тапсырманы жазбаша алу қажет.

Астанада оқушылар мамандардың көмегін өз мектебінде алады

2026–2027 оқу жылында Астана мектептерінің бірінші сыныбына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 1 500-ге жуық бала қабылданды. Елордада инклюзивті білім беруді дамыту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта орта білім беру деңгейінде 5 мыңнан астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. Бүгінде Астана мектептерінде инклюзияны қолдауға арналған 98 кабинет жұмыс істейді. Биыл тағы 20 осындай кабинет ашу жоспарланып отыр. Бұл кабинеттер балаларға қажетті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге және олардың жеке ерекшеліктері мен білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесін ұйымдастыруға арналған.

«Инклюзивті ортаны дамыту ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатарластарымен бірге білім алуына және мектеп қабырғасында қажетті қолдау алуына мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік беру, олардың толыққанды оқуы мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау», – дейді Астана қаласы әкімдігінің өкілі.

Алматыда зағип жандарға қаланың көрікті жерлерін танып-білуге мүмкіндік жасалды

Алматыда көру қабілеті бұзылған адамдар үшін қаланың бес көрнекті сәулет нысанының тактильді макеті әзірленген. Олардың қатарында Вознесенск кафедралды соборы, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі және Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры бар. Бұл макеттердің ерекшелігі – зағип және нашар көретін адамдардың сәулет ескерткіштерін қолмен сипап, олардың пішінін, қасбетінің ерекшеліктерін және құрылымдық бөліктерінің орналасуын сезінуіне мүмкіндік беруінде.

Мұндай бастамалар инклюзияның мәні тек мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жағдай жасаумен шектелмейтінін, олардың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысу құқығын құрметтеумен де байланысты екенін көрсетеді.

Қаланың тарихи және мәдени мұрасымен танысу, өнерді сезіну, қоғамдық кеңістіктерге еркін қол жеткізу – әр адамның құқығы. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бұл мүмкіндіктер әрдайым бірдей қолжетімді бола бермейді, сондықтан тактильді макеттер – жай ғана сәулет нысандарының кішірейтілген көшірмелері емес. Олар мәдени мұраны әртүрлі тәсілмен танып-білуге жол ашатын қолжетімді орта элементтерінің бірі.

Инклюзивті қоғам қалыптастыру тек пандустар орнату немесе арнайы кабинеттер ашу емес. Бұл – әр адамның қажеттілігін ескеру, оның дербестігін құрметтеу және қоғам өміріне кедергісіз араласуына жағдай жасау. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау оларды аяудан немесе өзгелерден бөлек қарастырудан басталмайды. Ең алдымен, олардың таңдау жасау, білім алу, еңбек ету, мәдени орындарға бару және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру құқығын мойындаудан басталады.

Алматыдағы бұл бастама қоғамдағы инклюзияны дамытудың нақты мысалдарының бірі. Өйткені шын мәнінде қолжетімді қоғам – адамның мүмкіндіктеріне қарамастан, өзін сол қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алатын ортасы.

Көмек көрсеткенде адамның таңдауын ескеру неге маңызды

Фото: жеке мұрағат

Психолог Назерке Көкебаева музейге келген адамды қалай қарсы алудың өзі маңызды екенін мына мысалмен түсіндіреді.

«Құрбыңызбен музейге бардыңыз делік. Кассада экскурсия туралы сұрадыңыз. Ал қызметкер құрбыңызға бұрылып: «Оған қандай билет керек?» дейді. Бәлкім, ол шын көңілмен көмектескісі келген шығар, бірақ әңгімені өзіңіз бастасаңыз да, сол сәтте сөзден шет қаласыз. Мұндай жағдай мектепте де, жұмыста да, емханада да қайталана берсе, адам «Айналамдағылар өз бетімше шешім қабылдай алатыныма күмәнданады» деп сезінуі мүмкін», – дейді ол.

Психологтың сөзінше, көмек ұсынғанда сұрақты адамның өзіне қойып, жауабын тыңдай білу маңызды.

«Біреуге көмек қажет сияқты көрінсе, өзінен «Көмектесейін бе?» деп сұрауға болады. Келіссе – қалай көмектескен ыңғайлы екенін нақтылаңыз. Бас тартса – көндіруге тырыспай, жауабын құрметтеңіз. Адамның өзі де өзгеге қол ұшын бере алатынын ескерген жөн. Мүгедектігі бар әріптесіңіз жұмыста бір мәселенің шешімін ұсынуы мүмкін. Ал сыныптасыңыз өзіңіз түсінбей жүрген тақырыпты түсіндіріп бере алады. Күнделікті қарым-қатынаста әркімнің қолдау сұрауға да, қолдау көрсетуге де мүмкіндігі болғаны маңызды» – дейді психолог Назерке Көкебаева.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button