Жаңалықтар

Қазақстанда жұмыртқа импорттауға екі айға тыйым салынды

Шектеу барлық көлік түріне, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен жеткізілетін өнімдерге де қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Құжат қашан күшіне енді

Тиісті бұйрыққа биыл 12 қарашада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қол қойған.  Министрлік бұйрығына сәйкес, уақытша шектеу тауық жұмыртқасын ел аумағына импорттауға қатысты.

Бұл ретте өнімнің қай көлік түрімен жеткізілетініне қарамастан, тыйым қолданылады. Шектеу ЕАЭО елдерінен келетін жұмыртқа импортын да қамтиды. Дегенмен Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктерге, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттері арасында республика аумағы арқылы тасымалданатын өнімдерге тыйым салынбайды.

Декларациялар ұсыну қажет

Бұйрықта бірқатар ерекшелік те қарастырылған. Атап айтқанда, экспорттаушы елде бұйрық күшіне енгенше экспортқа рәсімделгенімен, Қазақстанға кейінірек жеткізілген жұмыртқа партияларын елге әкелуге рұқсат етіледі. Ол үшін тиісті кедендік декларациялар ұсынылуы қажет.

Сондай-ақ бұйрық күшіне енгенше Қазақстан аумағына нақты жеткізілген жұмыртқа партияларына да шектеу қолданылмайды. Мұндай кезде жүктің елге белгіленген мерзімге дейін келгенін растайтын тауарға ілеспе жүкқұжат болуы тиіс.

Құжат 13 қарашадан бастап күшіне енді.

Back to top button