Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип ұлттық команданың сәтсіз нәтижелеріне қарамастан, өзінің бапкерлік біліктілігіне күмән келтірмейтінін аңғартты. Баспасөз мәслихатында бес матч бойы жеңіске жете алмағаны туралы сұраққа жауап берген нидерланд маманы бұрынғы қызметіндегі жетістіктерін тізіп айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Неге басылымына сілтеме жасап.
Баспасөз мәслихатында журналистер бас бапкерге Қазақстан құрамасының соңғы бес кездесуде бірде-бір жеңіске жетпей, өз тобында соңғы орын алғанын еске салды. Сондай-ақ ван ’т Схиптің бұған дейін Армения құрамасын жаттықтырған кезеңінде де жеңіске жете алмағаны айтылды. Алайда нидерланд маманы қазіргі нәтижелерге ғана тоқталмай, бұған дейінгі бапкерлік мансабындағы жетістіктерін атап өтті.
«Менің “Аякстағы” нәтижелерім жақсы болды. Командаға келгенімде клуб турнир кестесінің төменгі жағында тұрған еді. Ал маусымды бесінші орынмен аяқтадық. Австралия мен Нидерландта да жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Грекияда атқарған жұмысыма да оң баға берілді», – деді ван ’т Схип.
Сонымен бірге бас бапкер Қазақстан құрамасының қазіргі нәтижелеріне жауапты екенін мойындады. Оның айтуынша, командадағы жағдай күрделі болғанымен, футболшылар мен жаттықтырушылар штабы нәтижені жақсарту үшін бар күшін салып жатыр.
«Ең алдымен, нәтижелер мен тактикаға мен жауаптымын. Әзірге бәрі оңай болып жатқан жоқ. Бірақ ойыншылар нәтижеге қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жүр. Ал бапкерлер штабы оларға көмектесуге тырысады», – деді ол.
Еркін Тапалов не дейді
Баспасөз мәслихатында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Еркін Тапалов та ұлттық команданың сәтсіз өнер көрсетуіне қатысты пікір білдірді. Ол қазіргі нәтижелерге құрамдағы қайта құру жұмыстары мен буын алмасу үдерісі әсер етіп отырғанын айтты. Алайда журналистер футболшыға Қазақстанның ФИФА рейтингінде өзінен едәуір төмен тұрған Молдова құрамасынан да жеңілгенін еске салды.
Бұған жауап берген Тапалов ұлттық құраманың сәтсіздігін жас футболшылардан көруге болмайтынын нақтылады. Оның пікірінше, негізгі мәселе – Қазақстан ойыншыларының Еуропаның бәсекесі жоғары чемпионаттарында тәжірибе жинақтау мүмкіндігінің шектеулі болуы. Қорғаушы Қазақстан чемпионатының деңгейі Еуропаның жетекші біріншіліктерінен төмен екенін атап өтті. Сондықтан ұлттық құраманың нәтижесін жақсарту үшін шетелдік чемпионаттарда тұрақты өнер көрсететін футболшылардың санын арттыру қажет деп есептейді.