TOP-2Пікір

«Маған жала жапты»: Ақтаудағы лицейдің еден жуушысы жанжалдың мән-жайын айтты

Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» лицейінде болған жанжалға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұған дейін мектеп басшысының жұбайы еден жуушының су толы шелегін теуіп жіберген бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. Енді оқиғаға қатысқан тазалық қызметкері Гүлбану Бекболатова жанжалдың қалай басталғанын айтып, өзіне қатысты тараған айыптауларды жоққа шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл туралы маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

«Сені жұмыстан шығарамын» деп айқайлады

Гүлбану Бекболатованың айтуынша, ол «Тұлпар» лицейінде 2024 жылдан бері жұмыс істеп келген. Жанжал болған күні әдеттегідей мектеп ғимаратында тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген. Оның айтуынша, алдымен мектеп директорының жұбайы оған кабинеттегі шкафты тазалауды тапсырған, алайда Гүлбану Бекболатова бұл жұмысты кейінірек орындайтынын айтып, дәлізді жууды жалғастырған.

«Оқиға болған күні мен үшінші қабатта еден жуып жүргенмін. Сол кезде мектеп директорының әйелі келді. Ол мені директордың кабинетіндегі шкафты тазалауға жібергісі келді. Мен кейінірек тазалайтынымды айттым да, өз жұмысымды жалғастыра бердім», – деді ол.

Тазалық қызметкерінің айтуынша, көп ұзамай директордың жұбайы екінші қабатқа қайта келіп, өзіне дауыс көтерген.

«Екінші қабатқа түсіп, сыныпты жуып жатқан кезімде директордың әйелі келіп, «Сен неге шаң сүртпейсің? Сені жұмыстан шығарамын» деп түрік тілінде сөйледі. Мен оған: «Маған бұлай сөйлемеңіз. Егер айтарыңыз болса – директорға барып айтыңыз. Мен өз жұмысымды істеп жүрмін» дедім», – деп еске алды Гүлбану Бекболатова.

Оның сөзінше, осыдан кейін екі әйелдің арасында сөзге келіспеушілік туындаған, бірақ сол сәтте жанжал жалғаспай, екеуі екі жаққа кеткен. Гүлбану Бекболатова болған жағдайды мектеп директорына және бухгалтерге хабарлағанын айтады.

«Директордың кабинетінде әйелі де болды. Мен болған жағдайды айтып, директордың басшы екенін, оның айтқанын тыңдайтынымызды жеткіздім. Ол маған «Болды, болды» деді. Сөйтіп, кабинеттен шығып кеттік», – деді ол.

«Кешкі сағат бестер шамасында келіп, шелектегі суды төгіп кетті»

Тазалық қызметкерінің айтуынша, жанжал мұнымен аяқталмаған. Сол күні кешкі сағат 17:00 шамасында директордың жұбайы оның жанына қайта келген.

«Кешкі сағат бестерге қарай директордың әйелі тағы да қасыма келіп, сөйлей бастады. Маған түрік тілінде айқайлап, шелекті теуіп, ішіндегі суды төгіп тастады», – деді Гүлбану Бекболатова.

Аталған оқиғаның бейнежазбасы кейін әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғамда қызу талқыланды. Бейнежазбада әйелдің тазалық қызметкері жұмыс істеп жатқан кезде су толы шелекті аяғымен теуіп жібергені көрінеді. Оқиғадан кейін қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, тексеру бастағаны хабарланған. Кейін іс сотқа жетті.

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты мектеп қызметкерінің шелегін тепкен әйелді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот материалдарына сәйкес, әйел еден жуушының шелегін қасақана теуіп, оны аударып жіберген.

Сот отырысында құқық бұзушы шелекті ашумен тепкенін мойындағанымен, балағат сөз айтқанын жоққа шығарған. Нәтижесінде оған 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды. 12 қарашада жарияланған сот мәліметіне сәйкес, ол кезде қаулы әлі заңды күшіне енбеген.

«Маған жала жауып жатыр»

Гүлбану Бекболатова жанжалдан кейін өзіне қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға да түсініктеме берді. Оның айтуынша, кейбір жарияланымдарда өзін ұрлық жасады және бейәдеп сөздер айтты деп айыптаған.

«Instagram желісінде жарияланған жағдайларды көріп, қатты таңғалдым. Бүгін әлеуметтік желіні қарасам, мен туралы түрлі әңгімелер айтылып жатыр екен. «Ұрлады» деген сөздер де тараған, бірақ мен ештеңе ұрлаған жоқпын. Lada.kz басылымында бейәдеп сөз айтты деп маған жала жабылғанын оқыдым», – деді ол.

Әйел мұндай мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізді. Сондай-ақ, оның сөзінше, өзі туралы жағымсыз ақпараттар мектеп оқушыларының ата-аналарына арналған чаттарда да таратылған.

«Маған өтірік жала жапты. Әлеуметтік желіде, ата-аналар чатында ұрлық жасағаным, бейәдеп сөз айтқаным туралы ақпарат таратқан. Маған қатысты айтылып жатқан сөздердің бәрімен келіспеймін», – деді Гүлбану Бекболатова.

Бұдан бөлек, тазалық қызметкері жалақыға байланысты мәселелер болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі жылдық еңбек демалысына тиесілі төлемді алмаған. Ал қазан айындағы жалақысын сот арқылы өндіріп алғанын жеткізді.

«Екі жылдық еңбек демалысымның ақшасын берген жоқ. Қазан айындағы жалақымды сот арқылы алдым», – деді ол.

Осылайша, Ақтаудағы «Тұлпар» лицейінде болған жанжал сотта қаралғанымен, тазалық қызметкері еңбек құқықтарына және өзіне қатысты тараған ақпараттарға байланысты қосымша мәселелер көтеріп отыр.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button