TOP-1Қоғам

Желтоқсан көтерілісі туралы тың деректер: Жапонияда сақталған құжаттарда не жазылған

Жапония архивінен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты құжаттар табылды.

Жапонияның Сыртқы істер министрлігі архивінен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты бұрын құпия сақталған дипломатиялық құжаттар табылды. Оларда Алматыдағы оқиғалардың себептері, Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен алынуы, Геннадий Колбиннің тағайындалуы және Кеңес Одағы басшылығының шешімдері туралы мәліметтер бар. Бұл жөнінде Жапонияда ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген тарихшы, PhD дәрежесі бар жапонтанушы Олжас Бекенұлы Қуанбай мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Желтоқсан көтерілісі туралы құжаттар 2019 жылы құпиясыздандырылған

Токио шет тілдері университетінің (TUFS) Халықаралық қатынастар зерттеу институтында академиялық ассистент болып қызмет атқаратын жапонтанушы-тарихшы Олжас Қуанбайдың айтуынша, ол Желтоқсан көтерілісіне қатысты архив материалдарын алғаш рет 2025 жылғы 4 қарашада Токиодағы Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивінен тапқан. Ғалым сол кезде Жапония тарихына арналған кітабын жазып жүргендіктен, табылған құжаттарды бірден жариялауға мүмкіндігі болмағанын айтады.

«Қазіргі таңда барлық құжаттарды жапон тілінен аударып, жинақтап жатырмын. Алдағы уақытта архивтер жинағы болып шығады», – дейді зерттеуші.

Олжас Бекенұлының мәліметінше, Алматыдағы 1986 жылғы оқиғаларға қатысты материалдар Жапония архивінде «Кеңестік ішкі саясат және ұлттық жағдайлар» деген атаумен сақталған. Зерттеуші сипаттаған архивтік жинақ екі бөлімнен тұрады және алты құжатты қамтиды. Оның жалпы көлемі – 97 бет, ал мұқабасын қосқанда 101 бет.

Ғалымның айтуынша, архив материалдарының құпиялық белгісі 2019 жылғы 20 қарашада алынған, алайда кейбір құжаттарды пайдалануға әлі де ішінара шектеу қойылған. Құжаттардың арасында Жапонияның КСРО-дағы дипломатиялық өкілдерінің жеделхаттары, Кеңес Одағының ішкі саясатына қатысты талдамалар және Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы хабарламалар бар. Тарихшының сөзінше, жапон дипломаттары Желтоқсан көтерілісі басталған алғашқы күндерден-ақ Кеңес Одағындағы жағдайға назар аударып, Токиоға ақпарат жолдап отырған.

Жапон дипломаттары Желтоқсан көтерілісінің себептерін қалай түсіндірген

Олжас Бекенұлының зерттеуіне сәйкес, Желтоқсан көтерілісіне қатысты мәліметтерді Жапонияның КСРО-дағы елшісі Ясуэ Катори мен консул Сайки дипломатиялық арналар арқылы жеткізген. Ақпарат жинауға жапон дипломаттары Кёджи Комачи мен Тощио Цунодзаки де қатысқан.

Ғалымның айтуынша, архивтік құжаттарда Алматыдағы наразылықтың негізгі себептерінің бірі ретінде Кеңес Одағы басшылығының Дінмұхамед Қонаевқа деген қазақ халқының қолдауын дұрыс бағаламауы көрсетілген. Жапон консулының талдауынша, Қонаев республика басшысы ретінде халық арасында жоғары беделге ие болған. Сондықтан оның орнына Қазақстанмен тікелей байланысы жоқ Геннадий Колбиннің тағайындалуы қоғамдағы наразылықты күшейткен.

«Токиоға ақпарат жеткізуші  жапондық консул мен елшілік өкілдері көтеріліс салдарын да ашық атап өткен. Мәселен, Архив «Алма-Атадағы жаппай бұзақылық оқиғасы» деп аталады. Құжаттың астында «№609 құпия құжат» деп жазылып, оқиғаға қатысы бар саяси тұлғалар жапон тілінде арнайы шифрланған  әріп таңбалармен берілген. Мысалы,『ク』Қонаев, 『コ』Колбин『ル』Рыжков『ゴ』Горбачев, 『ブ』Брежнев. 1985 ж. 23 сәуірінен 1990 ж. 14 шілдесіне дейін КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшесі, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы (үкімет басшысы) қызметін атқарған Н.И. Рыжковтың аты архивте көп аталады. Архив құжатында «КСРО жоғары басшылығы қазақтардың Қонаевты ерекше қолдауына атүсті қараған» деген тұжырым келтірілген», – дейді Олжас Бекенұлы.

Зерттеушінің сөзінше, жапон дипломаттары Желтоқсан оқиғасын тек кадрлық өзгеріске қарсы наразылық ретінде ғана қарастырмаған. Олардың талдауында одақтық орталықтың кадр саясаты, инвестициялардың бөлінуіндегі теңсіздік және республикадағы экономикалық мәселелер де сөз болған. Сондай-ақ құжаттарда Қонаевтың қызметтен алынуы мен Колбиннің тағайындалуына қатысты Кеңес Одағының жоғары басшылығындағы ықтимал саяси мүдделер талқыланған.

Жапон консулы тақырыптарды кеңінен тарқатып былай дейді:

«Алматыдағы қақтығыстың бір себебі деп қайталап өтіп, КСРО жоғары басшылығы қазақтардың Қонаевті ерекше қолдауына атүсті жеңіл қарауында деп айттық. Негізі 『ク』«Ку» бастапқыда тау-кен саласы ғалымы ретінде партиялық тәжірибесі аз болғанымен, республика басшысы ретінде халық арасында өте жоғары беделге ие болды. Әрине, бұның астарында қазақ ұлтының ұлтшылдық сезімі күшті әсер етіп отыр. 『ク』«Ку»-ға дейін республика басшылары қатарынан 3 рет орыс халқының өкілдері болды. Қазақ ұлтының өкілі басшылыққа келіп, халық арасында беделі жоғары болғанына қарамастан, оны қайтадан орыс азаматына ауыстыру әлбетте халықтың наразылығын тудырды. Сонымен қатар, инвестициялардың бөлінуі және тағы басқа да салалардағы әділетсіздікке байланысты қазақстандықтардың Одақтық орталыққа деген наразылығы бұл оқиға арқылы айқын көрінгені түсінікті.  Алайда, Қонаевті ауыстыру Горбачев үшін өте маңызды міндет еді. Екеуінің қарым-қатынасы нашар болғандықтан, 『ゴ』(Горбачев) ерте ме, кеш пе шешуші қадам жасауы керек болатын. Қазіргі уақытта өткізілуі кешігіп жатқан КОКП Орталық Комитетінің пленумында кадрлық өзгерістер қатарында Қонаевті Саяси бюро мүшелігінен алып тастау басты мақсаттардың бірі болып табылады, және бұның алғышарты ретінде оны Қазақ КСР басшылығынан шеттету қажеттілігі туындады».

Орталық Комитет пленумының өткізілу уақытын ескерсек, Горбачев белгілі бір қиындықтарға тап болса да, қазақ жерінде шешуші қадам жасауға тура келді.  Жапон консулы «Мәселенің күрделі түйіні сол, қарсылық танытуы ықтимал болған орыс ұлтының өкілі тағайындалуы ма, әлде билікке лайықты қазақ ұлтының өкілі болмауы да себеп болуы мүмкін бе екен?» деген ойға келген.

Олжас Бекенұлының айтуынша, жапон консулы Колбиннің тағайындалуын КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Николай Рыжковтың ықпалымен байланыстырады. Дипломатиялық талдауда Рыжковтың Қазақстандағы табиғи ресурстарды игеру ісін жандандыруға мүдделі болғаны жөнінде болжам айтылған.

Ғалымның түсіндіруінше, архив материалдарында Кеңес Одағы басшылығының Қазақстандағы кадрлық өзгерістер арқылы экономикалық және саяси бақылауды күшейтуге ұмтылғаны туралы пікірлер кездеседі, алайда зерттеуші келтірген бұл мәліметтер жапон дипломаттарының сол кезеңдегі бағалауы екенін ескерген жөн. Олар тарихи оқиғалардың барлық себебін түпкілікті дәлелдейтін тұжырым ретінде қарастырылмайды.

Рыжковтың Қазақстандағы табиғи ресурстарға қатысты жоспары

Жапон консулы Сайки шамамен 2 жыл бұрын (шамамен 1984 жыл) Қазақ КСР-інде табиғи газ кен орны табылғанын жазған. Оның мәліметінше, КСРО-да Чернобыльден кейін Кавказдағы АЭС-те апаттар орын алып, энергия тапшылығы тереңдей түскендіктен, аталған кен орнын игеру шұғыл міндетке айналғандықтан Рыжков аталған аймаққа барып тексеру жұмыстарын жүргізді. Шамамен 1 ай бұрын игеру жұмыстары ойлағандай іске асырылмағандықтан, жұмыстың кешеуілдеуі мен басшылық қабілетсіздігін қатаң сынға алған. Колбин Рыжковтың сенімді адамы, әрі ол осы кадрлық тағайындау арқылы қазақ жеріндегі ресурстардың игерілуін күшейтемін деп ойлады. Жоғарыда айтылғандай, қазақтар бастапқыда инвестициялардың бөлінуіне байланысты орталыққа деген наразылық танытып, игеру жұмыстарының кешеуілдеуін осының салдары деп санағандықтан, мұндай тәсілге қарсылық танытуы заңды құбылыс деп баға берді.

Генконсулдың айтуынша, соңғы уақытта партия баспасөзіндегі Брежневті сынау науқаны Брежневтің Қазақстанда болғанына және Қонаевті тағайындау кезінде оның ықпалы болуы Алматыдағы оқиғамен мүлдем байланыс жоқ деп те айтуға келмейді. Дегенмен, бұл жағдайды тікелей себеп деп санауға болмайды. Брежневті сынау партия съезінде басталған болатын, кейіннен оның ізбасарларының біртіндеп ықпалынан айырылуы, қызметтен шеттетілуі сияқты түрлі кері әсерлері тиді деген сөздерді архивтен көруге болады. Архивте көрсетілгендей, құпия шифрленген хат Токиодағы Сыртқы істер министрлігінің штаб-пәтеріне жедел телеграммамен жіберілген.

Жапон дипломаттарының Желтоқсан көтерілісіне қатысты құжаттары

Бір аңғарарлығы, жапон бас консулы Сайки мырзаның жапон тіліндегі сөз қолданымында Қазақ КСР, қазақстандық халық сөздері емес «Қазақ халқы», «Қазақ Республикасы», «қазақ басшылығы», «қазақ ру тайпалары», «Қонаевқа деген халықтың ыстық ықыласы», «Қонаевты қазақтардың қолдауы», «КСРО жоғары басшылығы қазақтардың Қонаевті ерекше қолдауына атүсті жеңіл қарауы» «қазақ ұлтының ұлтшылдық сезімі» секілді сөздер жиі кездеседі.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы Токиоға жіберілген құпия жеделхаттар

Желтоқсан көтерілісі жайлы ақпарат жапондық жылсанақтың Щеува дәуірі 61 жыл, яғни 1986 ж. желтоқсанның 24 күні Берлиннен жіберіліп, ертесі күні яғни желтоқсанның 25 күні тікелей Токиодағы Жапония Сыртқы істер министрлігінің штаб-пәтеріне түскен. Шетелден келетін барлық ресми хабарламалар ресми түрде Жапония Сыртқы істер министрлігінің басшысына жеке жолданды. Ол кезде Жапония Сыртқы істер министрі қызметін 1982-1986 жж. Абэ Синтаро атқарса, Куранари Тадаши 1986-1987 жылдары аралығында басқарды. Телеграмма жіберуші адамның аты ретінде бас консул Сайки мырза көрсетілген. Бір қызығы, хат Берлиннен Токиоға жіберілсе де жіберген адам консул Сайки мырза деп жазылған.

Ғалымның пікірінше, ол кезде Сайки мырза КСРО-да болды, хатты ары қарай Берлинге жіберіп, сол жақтан телеграмма Токиоға кеткен немесе Берлин «кодовое слово» болуы да ғажап емес… Консул Сайкидің толық аты-жөні жазылмаған. Консул Сайки 1980 жылдары Жапония Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық хат алмасуларында КСРО-дағы жердегі консулдық мекеменің басшысы ретінде кездеседі. Ол халықтың жағдайы мен өнеркәсіп орталықтарындағы ахуалын шолудан жинаған ақпараттарды консулдық округ арқылы Мәскеу мен Токиодағы елшілікке тікелей әрі жасырын ақпарат беріп отырған. Ал дәл осы архивте қайдан, сағат қаншада жіберілгені мақсатты түрде жасырылған.

Екінші телеграмма жасырын құпия жеделхат жапон жылсанағының Щеува 61 ж. яғни 1986 ж. желтоқсан айының 29 күні 11-014 номерімен «Совет үкіметінен» деп жіберілген. Яғни, жіберуші тарапты КСРО (Мәскеу) деп көрсетілген. Хабарламаны алушы тарап сол күні яғни желтоқсан айының 29 күні Токиодағы Жапония Сыртқы істер министрлігінің штаб-пәтеріне Төтенше және Өкілетті елші Катори мырзадан жіберілгені жазылған. Телеграммынңың аты «КСРО-ның ішкі саясаты (Алма-ата қаласындағы тәртіпсіздіктер)» №6375 құжат шұғыл (!) «жедел өңдеу» таңбасымен яғни, басымдылық берілетін аса маңызды жедел шұғыл ақпарат деп [Қатаң цензурамен жасырылған] сөзімен бұдан әрі ФАКС арқылы жіберілді деп факстың MW1250-04 номерін де жазған.

«Правда» журналистінің жапон дипломаттарына айтқан мәліметтері

Рет саны 11-048 деп берілген телеграммамен жалпы атауы «Кеңестік ішкі саясат» («Правда» газетінің қамқоршылар кеңесінің аясында) деп белгілеп, №6446-шы құпия құжатта «Правда» газетінің халықаралық саяси шолулар жасайтын КСРО -ның БАҚ-тағы «тілі» журналист Виталии Германович Корионовтың аты аталады. Ол арнайы шақыртылған кешкі аста жапон дипломаттары Кёджи Комачи мен Тощио Цунодзакиге назар аударарлық қызықты ақпараттармен бөліскен. Ары қарай архив «Алма-Атадағы толқудың алғышарттары» деп жалғасады.

Корионов жапондық дипломаттарға маңызды болған екі ақпарат айтқан. Біріншіден, Қазақ КСР-інде (*жапоншада қазақ республикасы деп жазылған) халықтың тек 23%-ын ғана қазақтар құрайтынын, ал орыстар 43%, сондай-ақ украиндар мен белорустар сияқты басқа да көптеген славян халықтарының бар екенін атап өткен. «Ескерту» деп жақшаның ішінде «1979 жылғы халық санағының статистикасы бойынша, халықтың 41% орыстар, 36% қазақтар, 6% немістер, 6% украиндар және 1% белорустар болды» деп айтқан. Бұл Тың игеру және Қазақстанның қарқынды индустрияландырылуы кезінде орыстар мен басқалардың ағылып келуіне байланысты жағдай деп түсіндіріп келіп, бұл әдейі жүргізілген «орыстандыру саясатының» нәтижесі емес екенін айтқан. Корионовтың жапон дипломаттары Кёджи Комачи мен Тощио Цунодзакиге КСРО саясатын ақтауға тырысқаны аңғаруға болады.

«Соған қарағанда, жапон дипломаттары кешкі ас әңгімесі барысында «қазақ ұлтшылдығы» немесе «қазақ халқының мүддесінің тапталуы» «орыстандырылу саясаты» секілді тақырыптар көтерген бе екен деген ойға келдім. Соған орай Корионовтың жапон дипломаттарына берген жауабы да жоғарыдағыдай КСРО-ның «ақтауға тырысу» жауабы болуы да ықтимал. Екіншіден, славян халқының үлесі әлі аса жоғары болмаған кезде де, алғашқыда қазақ басшылығына Беляев (белорус) және Брежнев (орыс) болды. Екеуі де қазақ емес. Корионов «Осыдан кейін эстафета Қонаевқа берілді, содан шамамен 20 жыл өтті. Осы уақыт аралығында Қонаев біртіндеп қазақтарды маңызды лауазымдарға тағайындады. Қонаев бір лауазымда ұзақ уақыт бойы болғандықтан билік пен өкілеттікті асыра теріс пайдалану байқалды. Жақында болған бұл көтерілісті Қонаевтың руынан шыққан, оның қызметіндегі жағдайы жақсы адамдар ұйымдастырды және егер Қонаев қызметінен айырылса, оның салдары өздеріне (Қонаевтің қасындағылар) де тиеді деп күтті. Олар кадрлық өзгерістерге қарсы тұру үшін бұл көтерілісті әдейі ұйымдастырды» деп жапон дипломаттарына өз пікірін жеткізген. Архив Токиодағы Сыртқы істер министрлігінің штаб-пәтеріне «Аса құпия» деген белгімен жіберілген», – дейді Олжас Қуанбай.

Архив құжаттарын аудару және зерттеу жұмыстары

Оның айтуынша, желтоқсан жайлы архивтік құжат өте көлемді әрі фишрланған. Кей иерогливтер әдейі жазылмаған, телеграмманы алушы мен оқушы арасында түсінісетін сөздер де кездеседі. Құпия құжат жапон тілінде асығыс жазылған қолжазба болған соң иероглифтердің қолданылуы жағдайына байланысты мағыналары ауысып кететін тұстары да бар.

Жапония архивінен табылған құжаттар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына шетел дипломаттарының қандай баға бергенін және сол кезеңдегі Қазақстандағы жағдайды халықаралық деңгейде қалай қабылдағанын зерттеуге қосымша мүмкіндік береді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button