ГеосаясатЖаңалықтар

Ресей мен Украина: келіссөзге бес ел қосылады

Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келіссөздерге Еуропа атынан қатысатын бес мемлекет анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы DW басылымына сілтеме жасап.

Аталмыш елдердің қатарында Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия және Польша бар. Бұл туралы Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта мәлімдеді.

Антониу Коштаның айтуынша, Украинадағы бейбітшілік мәселесі бойынша келіссөз жүргізетін еуропалық команда Еуроодақ институттарының басшылары мен аталған бес мемлекеттің өкілдерінен құралады. Мұндай шешім Дублинде өткен бейресми саммит барысында қабылданған.  Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен келіссөздерге қатысатын ЕО институттары ретінде Еуропалық комиссия мен Еуропалық кеңесті атады.

Еуропа қандай ұстанымда

Германия үкіметі еуропалық келіссөздер тобының құрамына қатысты қабылданған шешімді құптады. Берлиннің пікірінше, бұл Германияның бейбіт келіссөздерге тікелей қатысу қажеттігі жөніндегі бұрынғы ұстанымының орынды болғанын көрсетеді. Ендігі басты мәселе – ықтимал бейбіт келісімнің нақты шарттарын айқындау.

Антониу Кошта Еуропа Украина мен тұтас құрлықтың қауіпсіздігіне қатысты келіссөздерде ортақ ұстаным білдіруге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Еуроодақ соғысты тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізуде ғана емес, Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіру мен елдің экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқаруы керек.

Мәскеу не дейді

Бұған дейін АҚШ-тың арнайы өкілі Джаред Кушнер Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздерге Еуропа елдері де қосылатынын мәлімдеген. Украина тарапы бұл бастаманы қолдаған.

Ал Ресей билігі Еуропаның бес мемлекеті қатысатын келіссөздер форматына қатысты әзірге ресми ұстанымын жариялаған жоқ.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button