ЖаңалықтарТергеу

60 млн теңге және жабық Telegram топтары: Алматыда діни экстремизмге күдікті ұсталды

Алматыда діни экстремизмді насихаттады және дінаралық алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті шетелде жүріп Telegram арқылы радикалды идеялар таратқан. Сондай-ақ 2024–2025 жылдары жақтастарынан 60 миллион теңгеден астам ақша алған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шетелде жүріп Telegram арқылы радикалды идея таратқан

ІІМ мәліметінше, күдіктінің әрекетін анықтау және құжаттау мақсатында құқық қорғау органдары ұзақ уақыт бойы жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізген. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде болған. Соған қарамастан, ол интернет арқылы радикалды идеяларды таратуды жалғастырған.

Атап айтқанда, күдікті Telegram мессенджеріндегі жабық топтарды басқарған, онлайн дәрістер өткізіп, өз жақтастарына идеологиялық ықпал еткен. Құқық қорғау органдары оның шетелде жүрген кезінде де әрекетін бақылауда ұстаған.

ІІМ хабарлауынша, бұған дейін күдіктінің бірқатар аудиодәрісі терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сот шешімімен экстремистік материалдар деп танылған.

Жақтастарынан 60 млн теңгеден астам ақша алған

Тергеу барысында күдіктінің шетелдегі теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны анықталған. ІІМ мәліметінше, ер адам өзінің жақтастары арасындағы беделін пайдаланып, 2024–2025 жылдары олардан 60 миллион теңгеден астам қаражат алған. Алайда ведомство бұл ақшаның қандай мақсатта жиналғанын және қалай жұмсалғанын нақтылаған жоқ. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктінің әрекетіне байланысты барлық мән-жайды анықтап жатыр.

Алматы мен Жамбыл облысында тінту жүргізілді

Күдікті 11 қарашада Алматы қаласында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұсталған. Онымен бір мезгілде Алматы қаласы мен Жамбыл облысында тергеу әрекеттері жүргізілген. Тінту кезінде экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазба материалдары тәркіленді. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ІІМ қызметкерлері күдіктінің болжамды заңсыз әрекетінің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарын және іске қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Ведомство экстремистік идеологияны тарату және діни алауыздықты қоздыру әрекеттері олардың ұйымдастырушылары Қазақстанда немесе шетелде жүргеніне қарамастан анықталып, жолы кесілетінін атап өтті. Күдіктінің кінәлі немесе кінәсіз екені заңды күшіне енген сот үкімімен анықталады.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button