Жаңалықтар

Әлемдегі ауасы ең лас қала анықталды: ауа ластануы қауіпті деңгейге жетті

Үндістан астанасы Дели әлемдегі ауасы ең қатты ластанған ірі қалалар рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Қала ауа сапасының нашарлауы бойынша Пәкістанның Лахор қаласын басып озды. 20 миллионға жуық тұрғыны бар мегаполисті қою түтін басып, ауадағы зиянды заттардың мөлшері адам денсаулығына қауіпті деңгейге жетті, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Делиде ауа сапасы қауіпті деңгейге жетті

13 қарашада швейцариялық IQAir ұйымының мәліметі бойынша, Делидегі ауа сапасының индексі (AQI) 334 пунктке жеткен. Бұл көрсеткіш ұйым қолданатын шкала бойынша «қауіпті» санатқа жатады. IQAir әлемнің түрлі қалаларындағы ауа сапасын атмосферадағы ластаушы заттардың концентрациясы негізінде бағалайды.

Салыстыру үшін, AQI көрсеткіші 0-ден 50 пунктке дейін болса, ауа сапасы жақсы деп есептеледі. Мұндай жағдайда ауаның ластануы адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірмейді. Ал Делиде тіркелген көрсеткіш осы деңгейден бірнеше есе жоғары. Үндістанның Ластануды бақылау жөніндегі орталық кеңесі (CPCB) ауа сапасының индексін одан да жоғары – 403 пункт деп бағалаған. Елдің ұлттық жіктемесі бойынша бұл «өте ауыр» ластану деңгейіне сәйкес келеді. Екі ұйым жариялаған көрсеткіштердің айырмашылығы ауа сапасын есептеу әдістемелері мен бағалау шкалаларының әртүрлі болуына байланысты.

20 миллион халқы бар қаланы қалың түтін басты

Ауаның күрт нашарлауынан Дели көшелерін қою смог басып, көріну қашықтығы айтарлықтай қысқарған. Жергілікті ақпарат құралдары жариялаған бейнежазбалардан автомобильдер мен мотоциклдердің қалың түтін арасынан әрең көрінетінін байқауға болады. Қаланың негізгі көшелеріндегі жарық шамдары да тұман мен түтіннің арасынан көмескіленіп қалған.

Мұндай жағдай тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қиындық туғызып, әсіресе тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдар үшін қосымша қауіп төндіреді. Ауадағы ұсақ бөлшектердің жоғары концентрациясы өкпе мен жүрек-қантамыр жүйесіне кері әсер етуі мүмкін.

Дели ауасының ластануына не себеп

Үндістанның солтүстігінде және көршілес Пәкістанда ауа сапасының нашарлауы жыл сайын суық маусымда қайталанатын экологиялық мәселелердің бірі саналады. Қыс мезгілінде салқын ауа қабаты автокөлік шығарындыларының, құрылыс шаңының және ауыл шаруашылығы алқаптарындағы өсімдік қалдықтарын өртеуден пайда болатын түтіннің атмосферада жиналуына ықпал етеді. Соның салдарынан зиянды заттардың таралуы баяулап, қалаларда қалың смог қалыптасады.

13 қарашадағы IQAir деректеріне сәйкес, Дели Пәкістанның Лахор қаласын басып озып, ауа сапасы ең нашар ірі мегаполистер рейтингінде бірінші орынға шықты. Дегенмен ауа сапасының көрсеткіштері тәулік ішінде өзгеріп отырады. Сондықтан бұл нәтиже қаланың жыл бойы әлемдегі ең лас қала болғанын емес, нақты уақыттағы ластану деңгейін көрсетеді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button