ЖаңалықтарҚоғам

Қазақстаннан Мысырға тікелей рейстер ашылады: Air Astana ұшу кестесін жариялады

Қазақстандықтар биыл желтоқсаннан бастап Мысырдың танымал туристік курорты Шарм-эль-Шейхке тікелей тұрақты рейстермен ұша алады. Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Астанадан жаңа бағытты іске қосады. Рейстердің басталу күні, ұшу кестесі мен әуе билеттерінің бағасы белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Билет бағасы қанша

Air Astana баспасөз қызметі хабарлауынша, Алматыдан Шарм-эль-Шейхке алғашқы тұрақты рейс 10 желтоқсанда, ал Астанадан 11 желтоқсанда орындалады.

Алматыдан ұшатын рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Ал Астанадан Шарм-эль-Шейхке сейсенбі және жұма күндері ұшуға болады. Жолаушыларға Airbus A321 ұшақтары қызмет көрсетеді.

Алматыдан ұшу кестесі:

  • KC8275: Алматыдан сағат 07:20-да ұшып, Шарм-эль-Шейхке 11:50-де жетеді. Ұшу ұзақтығы – 7 сағат 30 минут.
  • KC8276: Шарм-эль-Шейхтен сағат 12:50-де ұшып, Алматыға 22:10-да қонады.

Астанадан ұшу кестесі:

  • KC8277: Астанадан сағат 06:50-де ұшып, Шарм-эль-Шейхке 10:45-те жетеді. Ұшу ұзақтығы – 6 сағат 55 минут.
  • KC8278: Шарм-эль-Шейхтен сағат 11:55-те ұшып, Астанаға 20:50-де қонады.

Әуе компаниясы ұшу және қону уақыты әр әуежайдың жергілікті уақытымен көрсетілгенін ескертті.

Air Astana екі бағыт бойынша да барып-қайту билеттерінің бастапқы бағасын жариялады. Барлық алымдар бағаға енгізілген.

  • Алматы – Шарм-эль-Шейх – Алматы бағыты бойынша эконом-кластағы билет құны 283 690 теңгеден, бизнес-кластағы билет 597 864 теңгеден басталады.
  • Астана – Шарм-эль-Шейх – Астана бағыты бойынша эконом-класс билеті 283 734 теңгеден, бизнес-класс билеті 588 932 теңгеден сатылады.

Билеттерді әуе компаниясының ресми сайты мен мобильді қосымшасы, сату кеңселері, сондай-ақ туроператорлар мен аккредиттелген туристік агенттіктер арқылы сатып алуға болады.

Қазақстандық туристер үшін қандай мүмкіндік пайда болады

Бұған дейін Қазақстаннан Шарм-эль-Шейхке рейстер тек чартерлік туристік бағдарламалар аясында орындалып келген. Енді тұрақты рейстердің ашылуына байланысты жолаушылар әуе билеттерін өз бетінше сатып алып, демалыс күндерін еркін жоспарлай алады. Яғни туристік пакет сатып алу міндетті болмайды.

Air Astana компаниясының коммерциялық жоспарлау және кірістерді басқару жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалықовтың айтуынша, жаңа бағыт туристерге Мысырға саяхаттаудың қосымша мүмкіндіктерін ұсынады.

Оның сөзінше, тұрақты рейстердің іске қосылуы Қазақстаннан ұшу бағыттарының географиясын кеңейтіп, күзгі-қысқы маусымда саяхаттауды жоспарлауды жеңілдетеді.

Мысырға бару үшін виза қажет пе

Сапар алдында туристер Мысырға кіру талаптарын да ескеруі керек. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, 21 жастан асқан Қазақстан азаматтары тек Шарм-эль-Шейх қаласында 15 күнге дейін туристік мақсатта аяқталса, курорттың халықаралық әуежайында виза рәсімдей алады.

Ал Каир, Хургада және Мысырдың өзге қалаларына баруды жоспарлағандар сапарға шықпас бұрын Қазақстандағы Мысыр Араб Республикасы елшілігінен виза алуы қажет.

Сондай-ақ СІМ мәліметінде 21 жасқа толмаған Қазақстан азаматтары Мысырға тек ата-анасының бірінің баруымен кіре алатыны көрсетілген.

Сол себепті сапарға шығар алдында туристерге визалық және елге кіру талаптарының қолданыстағы тәртібін ресми дереккөздерден қайта тексеру ұсынылады.

Back to top button