«Балаңызға жыныстық жетілу туралы айту – ұят емес»: психолог кеңесі
Жасөспірімнің мінезі неге өзгереді? Неліктен бұрын ата-анасының айтқанын тыңдаған бала біртіндеп өз бетінше шешім қабылдауға ұмтылады? Қазақы тәрбиедегі «ұят болады», «қызға қырық үйден тыйым» деген түсініктер баланың психологиялық дамуына қалай әсер етеді? Tizgin.kz тілшісі Қазақстан психоаналитикалық қауымдастығының кандидаты, психоанализ бағытындағы психолог Тамара Салиховамен осы және өзге де мәселелер туралы әңгіме өрбітті.
Жасөспірімнің мінезі неге өзгереді
Психолог Тамара Салихованың айтуынша, өтпелі кезең – баланың тек физиологиялық тұрғыдан жетілуі ғана емес, оның психологиялық әлемі де қайта құрылатын маңызды уақыт. Бұл кезеңде жасөспірім өз денесін, сезімдерін және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын бұрынғыдан өзгеше қабылдай бастайды.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасөспірімдік кезеңді 10–19 жас аралығы деп анықтайды. Ал жыныстық жетілудің басталу уақыты әр балада әртүрлі болуы мүмкін. Пубертат кезеңінде қыз балалардың сүт бездері дамып, етеккір басталады, дене бітімі өзгереді. Ұл балалардың дауысы жуандап, бұлшықеттері дамиды және өзге де физиологиялық өзгерістер байқалады, алайда биологиялық жетілу мен психологиялық ересектік бір мезгілде қалыптаса бермейді», – дейді ол.
Маманның түсіндіруінше, осы уақытта жасөспірім өзінің сыртқы келбетіне көбірек көңіл бөледі. Денесіндегі өзгерістерге байланысты ұялуы, қобалжуы немесе өзін қатарластарымен салыстыруы мүмкін. Алғашқы ғашықтық сезім, қызғаныш, қабылданбай қалудан қорқу сияқты эмоциялық тәжірибелер де осы кезеңде байқалуы ықтимал. Сонымен қатар жасөспірім өзінің кім екенін, қоғамдағы орнын, құндылықтарын және болашақтағы мақсаттарын анықтауға ұмтылады.
Тамара Салихова жасөспірімдік кезеңдегі маңызды психологиялық міндеттердің бірі – ата-анадан біртіндеп психологиялық тұрғыдан бөлініп, дербес тұлға ретінде қалыптасу екенін атап өтеді.
«Бұрын ата-анасының пікірі мен шешіміне көбірек сүйенген бала енді өзінің көзқарасын білдіруге, жеке кеңістігін қорғауға және өз бетінше таңдау жасауға талпынады. Бұл өзгерістер отбасында келіспеушіліктер туғызуы мүмкін, алайда баланың дербестікке ұмтылуын бірден тәрбиесіздік немесе ата-ананы сыйламау деп бағалауға болмайды», – дейді маман.
Психологтың пікірінше, жасөспірім әлі де ата-анасының қолдауына мұқтаж. Тек сол қолдаудың сипаты өзгереді. Бұл кезеңде оған үнемі бақылау жасаудан гөрі түсіністік таныту, сенім білдіру және жеке шекарасын құрметтеу маңызды.
Фройд теориясы және қазақ дәстүріндегі 13 жас
Тамара Салихова жасөспірімдік кезеңдегі психологиялық өзгерістерді түсіндіруде психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фройдтің теориясына назар аударады.
«Фройд 1905 жылы жарық көрген «Жыныстық теория бойынша үш очерк» еңбегінде адамның психосексуалдық дамуын қарастырған. Оның теориясына сәйкес, пубертат кезеңінде балалық шақтан бастау алған психосексуалдық тәжірибелер қайта ұйымдасады. Жыныстық құштарлықтың сипаты өзгеріп, адам басқа адамдармен жақын эмоциялық және романтикалық байланыстар орнатуға бағыттала бастайды. Бұл үдерісте ата-анадан психологиялық бөліну де маңызды орын алады», – дейді ол.
Психологтың түсіндіруінше, Фройд жасөспірімнің ересек өмірге өтуін тек денедегі физиологиялық өзгерістермен емес, оның ішкі психикалық әлеміндегі өзгерістермен де байланыстырған.
«Дегенмен бұл – психоанализдің тарихи теориялық түсіндірмесі. Ал қазіргі ғылыми зерттеулер жасөспірімдік кезеңді биологиялық, нейропсихологиялық және әлеуметтік факторлардың өзара ықпалы арқылы қарастырады. Қазақ дүниетанымындағы алғашқы мүшел жас пен жасөспірімнің психологиялық даму кезеңі арасында да белгілі бір мазмұндық ұқсастық бар.
Қазақ дәстүрінде 13 жас – алғашқы мүшел жас. Халқымыз бұл кезеңді адам өміріндегі маңызды белестердің бірі деп қабылдаған. «Он үште отау иесі» деген сөз баланың есейіп, жауапкершілік алуға қадам басуын білдіретін дәстүрлі түсінік ретінде қарастырылады. Қазақ қоғамында 13 жасқа келген бозбалаға үлкендер сенім білдіріп, белгілі бір міндеттер жүктеген. Бұл оның қоғамдағы орнының өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Психологиялық тұрғыдан да осы жас шамасында бала өзін бұрынғыдан дербес сезініп, ересектер әлеміне жақындай бастайды», – дейді маман.
Алайда Тамара Салихова мүшел жас пен пубертат кезеңін толықтай бір ұғым ретінде қарастыруға болмайтынын түсіндіреді. Мүшел жас – мәдени-дәстүрлі түсінік, ал пубертат – биологиялық даму үдерісі. Соған қарамастан, екі ұғымда да адамның балалық шақтан ересектікке өтуі мен жаңа әлеуметтік рөлге бейімделуіне қатысты ортақ сипаттар бар.
«Ұят болады» деген тәрбие бала психикасына қалай әсер етеді
Қазақ отбасында «Ұят болады», «Әдеп сақта», «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөздер тәрбие құралы ретінде жиі қолданылады. Тамара Салихованың пікірінше, мұндай түсініктердің жасөспірім психологиясына әсерін біржақты бағалауға болмайды.
«Қазақ дүниетанымында ұят – адамның мінез-құлқын реттейтін маңызды моральдық-әлеуметтік ұғым. Ол адамның өз әрекетіне сын көзбен қарауына, айналасындағы адамдарға құрмет көрсетуіне және жауапкершілікті сезінуіне ықпал етуі мүмкін, алайда ұят ұғымының екінші жағы да бар. Егер бала өзінің денесіндегі табиғи өзгерістерді, сезімдерін немесе жыныстық жетілуге қатысты сұрақтарын ұят нәрсе деп қабылдаса, бұл оның психологиялық дамуына кері әсер етуі ықтимал. Мәселен, қыз бала етеккірдің басталуынан қорқуы немесе ұялуы мүмкін. Ұл бала денесіндегі өзгерістерді түсінбегендіктен мазасыздануы ықтимал. Егер отбасында мұндай тақырыптарды талқылауға тыйым салынса, жасөспірім өз сұрақтарына жауапты басқа адамдардан немесе интернеттен іздеуге мәжбүр болуы мүмкін. Сондықтан ұят адамның қадір-қасиетін сақтауға көмектесетін моральдық бағдар болуы керек, бірақ ол баланың өзінің табиғи дамуын қабылдауына кедергі келтірмеуге тиіс» – дейді ол.
Тамара Салихова ұлттық тәрбие мен қазіргі психологиялық көзқарастарды бір-біріне қарсы қою дұрыс емес екенін де атап өтеді. Оның пікірінше, қазақы тәрбиеде тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін көптеген маңызды құндылық бар. Үлкенді сыйлау, әдеп сақтау, жауапкершілік алу және отбасылық қарым-қатынасты құрметтеу – солардың қатарында. Дегенмен бұл құндылықтарды балаға қандай жолмен жеткізудің де маңызы зор.
«Егер тәрбие үнемі қорқыту, жазалау немесе ұялту арқылы жүргізілсе, бала өзінің сезімдері мен сұрақтарын жасыруға үйренуі мүмкін. Ал түсіндіру, ашық сөйлесу және жеке үлгі көрсету арқылы берілген тәрбие оның саналы таңдау жасауына көмектеседі. Осы тұста «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген халық даналығын ұмытпауымыз керек. Ұлттық құндылықтардан бас тартпай, оларды қазіргі ғылыми біліммен үйлестіре білу маңызды», – дейді маман.
Ата-аналар нені ескеруі керек
Психолог жасөспірімнің жыныстық жетілуі туралы отбасында ашық әрі жас ерекшелігіне сай әңгімелесу қажеттігін айтады.
«Ең алдымен, ата-ана баласына жыныстық жетілудің табиғи физиологиялық үдеріс екенін түсіндіруі керек. Денесінде қандай өзгерістер болатынын алдын ала айтып, оның сұрақтарына түсінікті тілмен жауап берген жөн. Бала сұрақ қойған кезде оны ұялтуға, сөгуге немесе әңгімеден жалтаруға болмайды. Керісінше, оның сұрағын мұқият тыңдап, нақты әрі сенімді ақпарат беру маңызды. Сондай-ақ жасөспірімнің сыртқы келбетін сынамауға, оны өзге балалармен салыстырмауға және жеке кеңістігін құрметтеу керек. Жыныстық тәрбие тек физиологиялық өзгерістер туралы ақпарат берумен шектелмейді. Ол жеке қауіпсіздік, өзара құрмет, келісім және адамдар арасындағы шекараларды түсінуді де қамтиды», – дейді ол.
Психологтың айтуынша, жасөспірім есейген сайын оның ата-анамен қарым-қатынасы өзгеруі заңды, алайда бұл эмоциялық байланыстың үзілуі керек дегенді білдірмейді. Керісінше, өтпелі кезеңде балаға өзін тыңдайтын, түсінетін және сұрақтарына жауап беруге дайын ересек адамның болғаны ерекше маңызды.
«Ата-ана баласының дербестігін мойындай отырып, оған бағыт-бағдар бере алады. Ал үнемі бақылау жасау мен шектен тыс талап қою баланың өзіне деген сеніміне және отбасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін. Жыныстық жетілу туралы ғылыми сауаттылықты арттыру, ұлттық тәрбиедегі құндылықтарды дұрыс жеткізу және отбасында ашық қарым-қатынас орнату жасөспірімнің тұлғалық қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды», – дейді маман.
Тамара Салихованың пікірінше, өтпелі кезеңді тек баланың мінезі қиындайтын немесе ата-анамен келіспеушіліктер көбейетін уақыт ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – жасөспірімнің өз денесін, сезімдерін, жеке шекарасын және қоғамдағы орнын жаңаша түсіне бастайтын маңызды даму кезеңі, сондықтан осы уақытта балаға талап қоюмен қатар, оны тыңдау, түсіну және қолдау да қажет.