Жаңалықтар

Француз фильмдері қазақша сөйлеуі мүмкін: Қазақстан мен Франция жаңа жобаларды талқылады

Қазақстан мен Франция кино өндірісі мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Екі ел бірлесіп фильм түсіру, француз туындыларын қазақ тіліне, ал қазақстандық фильмдерді француз тіліне дубляждау мүмкіндіктерін талқылады. Бұл мәселелер Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиогенің кездесуінде көтерілді, деп хабарлайды Tizgin.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Француз фильмдерін қазақша дубляждау мәселесі қаралды

12 қарашада өткен кездесуде тараптар екі елдің мәдениет пен өнер саласындағы әріптестігін кеңейту жолдарын талқылады. Атап айтқанда, бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру, көрмелер ұйымдастыру, театр ұжымдарының гастрольдерін өткізу және сала мамандары арасында кәсіби тәжірибе алмасу мәселелері қаралды. Келіссөз барысында кинематография мен музей ісіне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Франция фильмдерді бірлесіп түсіру мүмкіндіктерін, сондай-ақ екі елдің кинотуындыларын өзара дубляждау бастамаларын талқылады.

Атап айтқанда, француз фильмдерін қазақ тіліне, ал қазақстандық фильмдерді француз тіліне аударып, көрермендерге ұсыну мәселесі көтерілді. Мұндай ынтымақтастық жүзеге асқан жағдайда қазақстандық көрермендердің француз киноөнерін ана тілінде тамашалау мүмкіндігі кеңейіп, отандық фильмдердің француз тілді аудиторияға қолжетімділігі артуы мүмкін. Дегенмен әзірге қандай фильмдер дубляждалатыны және жобалардың қашан басталатыны туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

Қазақстан халықаралық мәдени мұра альянсына қосылуы мүмкін

Кездесуде мәдени мұраны сақтау және қорғау мәселесі де қозғалды. Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге еліміздің Мәдени мұраны қорғау жөніндегі халықаралық альянсқа (ALIPH) қосылуына мүдделі екенін жеткізді. ALIPH – мәдени мұраны қорғауға бағытталған халықаралық ұйым. Ол тарихи және мәдени құндылықтарды сақтауға арналған жобаларды қолдайды.

Арман Қырықбаев мәдени мұраны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, ALIPH ұйымының көпжақты мәдени әріптестіктегі рөлін ескере отырып, Қазақстанның альянсқа қатысу мүмкіндігін жан-жақты зерделеу қажет. Әзірге Қазақстанның ұйымға қосылуы жөнінде түпкілікті шешім қабылданғаны хабарланған жоқ.

Екі ел мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге дайын

Кездесу барысында Арман Қырықбаев Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, мәдени-гуманитарлық байланыстар екіжақты әріптестіктің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Тараптар музей ісі, театр, кино және мәдени мұраны қорғау салаларындағы бірлескен жұмысты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Франция өкілдері мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және ортақ жобаларды жүзеге асыру бағытындағы әріптестікті жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Айта кетейік, талқыланған бастамалардың нақты жүзеге асырылу мерзімі мен қаржыландыру көлемі әзірге жарияланған жоқ.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button