Жаңалықтар

Түркістанға Президент Жолдауын насихаттау үшін республикалық жұмыс тобы келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан облысына келді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Топ құрамында кімдер бар

Республикалық топ құрамында ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев бар.

«Алғашқы кездесу «Достық үйінде» азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қатысып, облыс аумағында Жолдау аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады», – делінген облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі мәліметінде.

Басқосуда Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттер, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері талқыланды. Кездесуге өңірдегі қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында сөз алған ҚР Құрылтайының депутаты, ғалым Дихан Қамзабекұлы Жолдаудың басым бағыттары тоқталды.

«Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген идеологиялық бағыттардың маңызы зор. Себебі елдің дамуы тек экономикалық өсіммен немесе инфрақұрылымдық жаңарумен өлшенбейді. Ол ең алдымен азаматтардың санасына, қоғамдағы құндылықтарға және ортақ жауапкершілікке байланысты. Бүгінде бізге білімді, еңбекқор, отаншыл әрі жаңашыл ұрпақ қажет. Осы тұрғыдан алғанда, адалдық, әділдік, заңға құрмет, қоғамдық келісім және жауапкершілік қағидаттарын нығайту – стратегиялық міндеттердің бірі, – деді ол.

Жұмыс тобының сапары қайда жалғасты

Оның сөзінше, әсіресе, жастар бойында елге қызмет ету, ұлттық құндылықтарды сақтау және заманауи технологияларды меңгеру мәдениетін қалыптастыру маңызды.

«Менің ойымша, Жолдаудағы идеологиялық бастамалар әр азаматтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік құр сөзбен емес, адал еңбекпен, сапалы біліммен, қоғамдық іске белсенді араласумен және ел болашағына бейжай қарамаумен өлшенеді. Елдің жаңа тарихи кезеңдегі табысты дамуы ең алдымен саналы қоғам мен ортақ құндылықтарға негізделген азаматтық жауапкершіліктен басталады» – деді Дихан Қамзабекұлы.

Одан кейін жұмыс тобы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға барып, оқу ордасының ғылыми қоғамдастығы мен оқытушы-профессорлар құрамымен кездесу өтті. Жиында білім мен ғылымды дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру, қоғамдық келісім, аграрлық секторды жаңғырту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағыттары сөз болды.

Бұдан соң жұмысшы топ өкілдері шаһардағы «Ұлы Дала елі» орталығында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттерімен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауындағы басымдықтар түсіндіріліп, жастардың ел дамуына қосар үлесі, азаматтық жауапкершілік, ұлттық бірлік, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқару мәселелері талқыланады. Студенттер жиын барысында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Back to top button