Нұрсұлтан Құрман футзал қауымдастығы президенті қызметінен кетті

Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметінде болған спорт менеджері Нұрсұлтан Құрман қызметінен кетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл жөнінде ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
“Бүгін мен үшін маңызды кезеңдердің бірі аяқталып отыр. Қазақстан футзал қауымдастығының Президенті қызметіндегі жұмысымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл қызмет мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, мол тәжірибе мен ерекше естеліктерге толы кезең болды. Осы уақыт ішінде отандық футзалдың дамуы жолында бірге еңбек еткен барша әріптестеріме, клуб басшыларына, жаттықтырушыларға, спортшыларға және жанкүйерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан футбол федерациясының Президенті Марат Талғатұлына ерекше алғыс айтқым келеді. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткені және бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ мақсат жолындағы әріптестігіміз мен үшін бағалы тәжірибе болды”, – деді ол.
Нұрсұлтан Құрман бұл қызметке 2025 жылы шілдеде тағайындалған еді.