Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұр деген ақпарат бірнеше жылдан бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып келеді. Алайда ресми статистика бұл мәліметті растамайды. EnergyProm сарапшылары халықаралық деректерді салыстырып, Қазақстанның ажырасу деңгейі бұрын жарияланған көрсеткіштен әлдеқайда басқаша анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 22,5 мың неке бұзылған. Бұл әр мың тұрғынға шаққанда 2,2 ажырасудан келеді. Былтырғы сәйкес кезеңде 21,5 мың ажырасу тіркелген. Демек, бір жыл ішінде көрсеткіш 4,5 пайызға артқан.
Жалпы, кейінгі жылдары елде ажырасу саны қайта өсе бастаған. Мәселен, 2023 жылы 40,2 мың неке бұзылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 45,7 мыңға жеткен. Яғни бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 12,7 пайызға көбейген. Дегенмен бұл Қазақстан әлемде ажырасу ең көп тіркелетін екінші мемлекет дегенді білдірмейді.
Ақпарат қайдан пайда болды
Қазақстанның ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұрғаны туралы мәлімет алғаш рет 2023 жылдың ақпанында норвегиялық Advokatsmart заң компаниясының шолуында жарияланған. Онда елімізде әр мың тұрғынға 4,6 ажырасудан келетіні көрсетілген. Кейін бұл ақпаратты америкалық Petrelli Previtera заң компаниясы мен World Population Review статистикалық платформасы таратқан. Алайда жарияланған рейтингтерде көрсеткіштің нақты қай жылға тиесілі екені және бастапқы дереккөзі көрсетілмеген.
2024 жылдың наурызында Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеп, World Population Review авторларына ресми хат жолдаған.
Қазір аталған платформада Қазақстанның 2023 жылғы көрсеткіші әр мың тұрғынға 2 ажырасу деп берілген. Бұл шамамен – 15-ші орын. Тіпті ажырасу саны ең жоғары деңгейге жеткен 2019 жылдың өзінде Қазақстанда 59,8 мың неке бұзылып, әр мың тұрғынға шаққандағы коэффициент 3,2 болған.
EnergyProm сарапшылары БҰҰ-ның демографиялық жылнамасы, Eurostat және ұлттық статистика органдарының деректері негізінде 66 мемлекеттің көрсеткішін салыстырған. Халықтың жас құрылымындағы айырмашылықты ескеру үшін есептеуде 15 жастан асқан тұрғындар саны негізге алынған.
Нәтижесінде Қазақстан 2023 жылғы деректер бойынша 66 елдің ішінде 14-орынға тұрақтаған. Елімізде 15 жастан асқан әр мың тұрғынға 2,9 ажырасудан келген. Бұл тізімде Ресей көш бастап тұр. Онда көрсеткіш 5,8 болса, Молдовада 4,9, Грузияда 4,7, Беларусьта 4,4 болған. Ал Литвада 3, АҚШ-та 2,9, Әзербайжанда 2,8, Қырғызстан мен Түркияда 2,6 ажырасудан тіркелген. Германияда бұл көрсеткіш 1,8, Италияда 1,5, Жапония мен Мексикада 1,7 болған.
Дегенмен зерттеушілер бұл салыстыру әлемнің барлық мемлекетін қамтымайтынын ескертеді. Ресми деректері толық емес бірқатар ел, соның ішінде Африка мен Оңтүстік Азия мемлекеттерінің басым бөлігі есепке алынбаған. Сондықтан 14-орынды Қазақстанның бүкіл әлем бойынша нақты орны деп қабылдауға болмайды.
Қазақстанның қай өңірінде ажырасу көп
Сарапшылар ажырасу деңгейін бағалаудың тағы бір тәсілін қолданған. Бұл жолы некесі ресми тіркелген әр мың әйелге шаққандағы ажырасу саны есептелген. Мұндай әдіс елдердегі некеге тұрған адамдар үлесінің әртүрлі болуын ескеруге мүмкіндік береді. 2021 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 15 жастан асқан 3,7 миллион әйел ресми некеде тұрған. Бұл осы жастағы әйелдердің 52,4 пайызына тең.
2023 жылғы деректерге сүйенсек, елімізде некедегі әр мың әйелге шамамен 10,8 ажырасудан келген. Ресейде бұл көрсеткіш 21,1, Латвияда 15,3, АҚШ-та 14,4, Эстонияда 12,9, Швецияда 12,7, Литвада 12,3 және Финляндияда 11,9 болған. Ал Германияда 7,3, Оңтүстік Кореяда 7,5, Жапонияда 6,1, Италияда 6 ажырасудан тіркелген. Осылайша, ресми некедегі әйелдер санына шаққанда Қазақстанның ажырасу деңгейі Солтүстік Еуропа мен Балтық елдерінің бірқатар көрсеткішіне жақын болып шыққан. Алайда бұл салыстыруға қажетті мәліметтер тек 22 мемлекет бойынша қолжетімді болған. Қазақстанның өз ішінде де өңірлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай.
2025 жылғы мәлімет бойынша, 15 жастан асқан әр мың тұрғынға шаққанда ажырасу ең көп тіркелген өңірлер:
- Қарағанды облысы – 4,4;
- Павлодар облысы – 4,4;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 4,1.
Ал ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген – 1,6. Алматы облысында бұл коэффициент 2,3, Шымкент қаласында 2,7 болған.
Ажырасудың абсолют саны бойынша Алматы мен Астана алдыңғы қатарда. 2025 жылы Алматыда 5 мың, Астанада 4,2 мың неке бұзылған.
Дегенмен ресми статистикада тек мемлекеттік органдарда тіркелген некелер мен заңды түрде рәсімделген ажырасулар ғана есепке алынады. Мәселен, 2021 жылғы санақ кезінде Қазақстанда 460 мың әйелдің некесі ресми тіркелмегені анықталған. Мұндай отбасылардың ажырасуы мемлекеттік статистикаға енбейді.
Демек, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында деген кең тараған мәлімет ресми деректермен расталмайды. Елде ажырасу саны соңғы жылдары қайта өскенімен, халықаралық салыстырулар Қазақстанның бірқатар мемлекеттен төмен көрсеткішке ие екенін көрсетеді.