Еден жуушының шелегін тепкен: Ақтауда жұрт талқысына түскен оқиғаға қатысты сот өтті

Ақтауда сот жекеменшік мектеп басшысының жұбайын ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Еден жуушының су толы шелегін теуіп, оны қорлаған әйелге 86 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видео
5 қарашада әлеуметтік желілерде жекеменшік мектеп құрылтайшысының жұбайы еден жуушыға жақындап, оның су толы шелегін теуіп жіберген видео тарады. Желі қолданушылары әйелдің әрекетін сынап, оны жауапқа тартуды талап етті. Оқиғадан кейін әйелдің күйеуі Халеф Челик жұбайының әрекетіне қатысты көпшілікке түсініктеме беріп, болған жағдайға мектептің техникалық қызметкерлерін кінәлады.
Оның айтуынша, бұған дейін мектепте тазалық жұмыстары жүргізілгеннен кейін кейбір заттар жоғалған. Кәсіпкер бейнебақылау камераларындағы жазбалар қаралған соң еден жуушылар заттарды алғанын мойындағанын мәлімдеді. Ол мектеп басшылығы сол кезде құқық қорғау органдарына жүгінбеуді ұйғарғанын айтты.
Бұл — кәсіпкердің мәлімдемесі. Ұсынылған сот хабарламасында заттардың жоғалуына қатысты бұл уәждердің расталғаны туралы дерек келтірілмеген.
Сот нені анықтады
Іс материалдарына сәйкес, жанжал биыл қазан айында Ақтаудың 31Б шағынауданындағы «Т» мектеп-лицейінің екінші қабатында болған.
Сот азаматша Ю.-дың қоғамдық орында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан қызметкердің шелегін қасақана тепкенін анықтады. Салдарынан шелек аударылған. Бұдан кейін әйел жәбірленушіні қорлап, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сот отырысында әйел кінәсін ішінара мойындады. Ол балағат сөз айтпағанын, ал шелекті ашу үстінде теуіп жібергенін жеткізді. Іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, жәбірленушінің арызы және бейнежазба дәлел ретінде қаралды.
Қандай жаза тағайындалды
Сот әйелді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Жаза тағайындау кезінде оның кінәсін ішінара мойындағаны және асырауында жас балалары бар екені ескерілді. Нәтижесінде әйелге 20 АЕК мөлшерінде, яғни сот хабарламасында көрсетілгендей, 86 500 теңге айыппұл салынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.