Kyzdar.net ісінде төбе көрсеткен әйел Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды
Тергеу барысында аталған азаматшаның ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен бірлесіп, жезөкшелікпен айналысатын «Kyzdar.net» сайтындағы сауалнамалар шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдағаны анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қылмыстық топ мүшелерімен бірлесті
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігі қолдауымен аталған елден Өзбекстан Республикасының азаматшасын экстрадициялады.
Тергеу барысында аталған азаматшаның ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен бірлесіп, жезөкшелікпен айналысатын «Kyzdar.net» интернет-ресурсындағы сауалнамалар шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдағаны анықталды. Одан бөлек, олардың сексуалдық қызметтерін ілгерілетіп, жарнамалау мақсатында әрекет еткені белгілі болды.
Ақшаны әкімшіге аударған
Сонымен қатар, топ мүшелері түскен ақшадан комиссиялық сыйақыны ұстап қалып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған.
Осылайша, жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз схеманың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған, – деді Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов.
Қамауға алынды
Ал оның жекелеген мүшелері, оның ішінде күдікті де қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
Осы жыл шілде айында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды, – делінген ақпаратта.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.