«ҚазАвтоЖолдың» еншілес ұйымынан 35 млн теңге жымқырған бас бухгалтер сотталды
Атырауда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «ҚАЖсервис» ЖШС филиалының бас бухгалтері 34,8 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақшаны жеке шотына аударып отырған
Қаржы жымқыру дерегі Атырау көлік прокуратурасы мен өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп жүргізген тексеру барысында анықталған.
Прокуратура мәліметінше, бас бухгалтер заңсыз төлемдер есептеп, ұйым қаражатын өзінің жеке банк шотына аударып отырған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 34,8 млн теңгені құрады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
Сот шешімі қандай
Атырау қаласының №2 соты әйелді Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, яғни «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар бес жыл бойы материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Бұдан бөлек, «ҚАЖсервис» ЖШС-нің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.