TOP-1Қоғам

Балаларға арналған қазақтілді контент қалай дамып жатыр

Биыл «Balapan» телеарнасының YouTube-тағы қаралымы 1,4 миллиардтан асты. Бүгінде YouTube-та қазақша мультфильмді телеарналармен қатар жеке авторлар да жариялап жүр. Соңғы жылдары олардың қатарына жасанды интеллект көмегімен жасалған туындылар қосылды. Қазақ анимациясы теледидардан YouTube-қа қалай жетті? Қазір балаларға арналған қазақша контентті кім жасайды? Олардың мазмұнын кім тексереді? Бұл материалда Tizgin.kz редакциясы осы сұрақтарға жауап іздеді.

Қазақ анимациясының тарихы 1967 жылы бастау алды. Сол жылы режиссер Әмен Қайдаров «Қазақфильм» киностудиясында «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмін шығарды. Кейін қазақ балаларына арналған «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы» және «Қырық өтірік» секілді туындылар жарық көрді.

Жарты ғасыр бойы отандық анимация теледидар арқылы қолжетімді болды. 2010 жылы елде интернет қолданатын халық саны 30 пайызды құрап, 3G және 4G желілері қосылды. Сол сәттен бастап қазақша мультхикаяларды көгілдір экраннан ғаламторға көшті. YouTube-та балалар өзіне ұнаған мультфильмді таңдап, қалаған уақытында қайта қарай алады. Платформа мультфильм авторларына да жол ашты.

Заманауи балалар контентін кімдер жасап жүр

Балаларға контентін шығаратындар арасында топ жарғандардың арасында Torghai-TV Youtube арнасы бар. Олардың көрермендерінің саны 1 млн адамнан асқан. Арнада сюжеті шырғалаң мультфильмдерге қарағанда балаларға арналған әндердің анимациясы көбірек. «Көк пойыз әні», «Аю, аю, тұршы», «Үйрек бөбек» бірнеше миллионнан астам қаралым жинап отыр.

Анимация саласындағы тағы бір бастама – «Күшік пен Пай-Пай» мультфильмі. Хикая бір жастан үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған. Филолог және лингвист ғалымдардың жобасы ретінде әзірленген анимация 2024 жылы YouTube-та жарық көрді. Мультфильмнің мақсаты мен қандай нәтижеге жеткені туралы білу үшін авторлардың бірі, филология ғылымдарының доценті Мейрамгүл Жетпісбаевамен сұхбаттастық.

Ғалымның айтуынша, хикаяның мазмұны қазақ балалар фольклорынан іріктелген.

“Бұл бейнеконтентті ата-аналар мен балабақша тәрбиешілері үшін жасадық. Мультфильмде санамақ, жаңылтпаш не тақпақтар көп кездеседі”, – деді Мейрамгүл Жетпісбаева.

Бұл материалды экраннан тыс жерде де қолдануға болады. Тәрбиеші мультфильмдегі санамақты топтағы ойынға қоса алады. Ата-ана баласымен бірге кейіпкер айтқан тақпақты қайталап немесе жаңылтпаш айтып көре алады. «Күшік пен Пай-Пайдың» қалай жасалғанына келсек, авторлар суретті өздері салып, кейіпкерлерге жан бітіру үшін анимациялық студияға жүгінген.

Жасанды интеллект қазақша анимация саласын өзгертті ме

Соңғы жылдары қазақша мультфильм жасап жүрген кей авторлар кадр әзірлеу мен оны қимылға келтіруге ЖИ құралдарын пайдалана бастады. Мәселен, 2025 жылы «Turkistan» телеарнасының қызметкері Ғасыр Құралбайұлы «Түркістан сақшылары» мультхикаясының алғашқы бөлімін ЖИ көмегімен жеті күнде әзірлеп шықты. Телеарна анимацияға 70 мың теңге жұмсалған. Шығынның бір бөлігі ЖИ құралының ақылы жазылымына, тағы бір бөлігі саундтрек жазуға кеткен.

ЖИ құралдарын телеарна қызметкерлерімен қатар жеке авторлар мен мектеп оқушылары да қолданып жүр. 2025 жылы Ұлбосын Сабитқызы YouTube-та ЖИ көмегімен әзірлеген «Толағай» мультфильмін жариялады. 2026 жылы Маңғыстауда тоғызыншы сынып оқушысы Ермек Жәнібекұлы жергілікті телеарна ұйымдастырған байқауға «Жан мен Ту» атты анимациялық жұмысын ұсынды.

ЖИ-мен жасалатын мультфильмдердің кемшілігі көп жағдайда мәтін мен дыбысқа келіп тіреледі. Кейіпкер сөзге екпінді дұрыс түсірмесе, оның не айтқысы келгенін бала бірден аңғармауы мүмкін. Ал бір көріністен екіншісіне өткенде оқиғаның байланысы үзілсе, бала кейіпкердің неліктен ойынан айнығанын түсінбей қалады.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button