15 мың оқырман, 1,2 млн бет: Мәдениет министрлігі PARAQTA жобасына қолдау көрсетпек

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қазақстандық PARAQTA онлайн кітапхана платформасының өкілдерімен кездесіп, жобаны дамыту мәселесін талқылады. Министрлік оқырмандарға тегін ұсынылатын кітаптар қорын заңды түрде толықтыруға және әдеби іс-шаралар ұйымдастыруға қолдау көрсетуге уәде берген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы журналист әрі маркетолог Керім Аянқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, министр PARAQTA платформасы туралы жарияланымдарын байқап, жобаны әзірлеуші Ердәулет Құрал екеуін министрлікке кездесуге шақырған.
PARAQTA қандай жоба
Кездесу барысында Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өткен. Сондай-ақ министр жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын айтып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған. Министр қазақстандық әзірлеушілер жасаған PARAQTA платформасының мүмкіндіктерін де қарап шыққан. Аталған жоба оқырманға кітапты бастап қана қоймай, соңына дейін оқып бітіруге көмектесуді көздейді. Платформаның ерекшелігі – мұнда электронды кітаптармен қатар қағаз кітаптарды оқу барысын да есепке алуға болады.
Керім Аянқызы жариялаған мәліметке сәйкес, бүгінде PARAQTA платформасына 15 186 адам тіркелген. Пайдаланушылар жалпы саны 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты аяқтаған. Сонымен қатар жоба аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді. Платформа іске қосылғанына 1 жыл 2 ай болған. Ал оның веб-сайты алты ай бұрын ашылған. Соңғы екі аптада PARAQTA мобильді қосымша ретінде App Store дүкенінде де қолжетімді бола бастаған.
Кітап қоры толықтырылады
Кездесуде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – онлайн кітапханадағы шығармалар санын көбейту. Қазіргі уақытта PARAQTA платформасында 150-ге жуық кітап бар. Олардың барлығы пайдаланушыларға тегін ұсынылады.
Алайда жоба авторлары авторлық құқық талаптарын сақтау мақсатында әзірге тек құқықтық қорғау мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен шығармаларды ғана орналастырып отыр. Ал оқырмандар платформаның өзінде оқуға болатын кітаптардың көбірек болғанын қалайды.
Керім Аянқызының сөзінше, министрлік осы мәселені шешуге, яғни платформаның кітап қорын авторлық құқық талаптарына сай шығармалармен толықтыруға көмектесуге уәде берген. Бұдан бөлек, жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау үшін офлайн кездесулер мен бірлескен әдеби іс-шаралар өткізуге арналған орын қарастыру мәселесі де талқыланған.
«Министр кітап оқуға әлі де жастарды қызықтыра түсу үшін қандай көмек, қолдау керегін сұрады», – деп жазды Керім Аянқызы.
Журналист министр Арман Қырықбаевқа және Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрмановаға алғыс білдіріп, мемлекеттік қолдаудың жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Осылайша, әзірге жеке бастамадан дамып келе жатқан PARAQTA жобасының кітап қорын кеңейту және оқырмандар қауымдастығын қалыптастыру бағытында министрлікпен ынтымақтастық орнатуына мүмкіндік туып отыр