Таза судан бастап жаңа әуежайларға дейін: Қазақстанға қайтарылған активтер халықтың өмірін қалай өзгертуде
Бір кездері Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражат елге қайтарылып, игілікті істерге жұмсалып жатыр. Қайтарылған активтер есебінен ауруханалар салынып, ауылдарға ауызсу тартылуда, спорт кешендері ашылып, әуежайлар қайта жаңғыртылуда. Қазақстанға қайтарылған активтердің халық өміріне қалай нақты өзгеріс әкеліп жатқанын Jibek Joly TV телеарнасының «Активтерді қайтару» атты деректі фильмінде баяндалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Фильм авторлары еліміздің әр өңіріндегі бірнеше оқиғаны назарға алған. Олардың кейіпкерлері – жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуын жай ғана инфрақұрылымның жақсаруы емес, жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелердің шешілуі деп қабылдаған қарапайым тұрғындар.
Ауызсуды 30 жылдан астам уақыт күтті
Осындай оқиғалардың бірі – Ақмола облысындағы Садовое ауылы. Мұндағы тұрғындар орталықтандырылған ауызсу жүйесінің тартылуын отыз жылдан астам уақыт күткен. Бұған дейін ауыл халқы суды арнайы ыдыстарға жинап, үнемдеп пайдалануға мәжбүр болған. Оның үстіне, үйдегі күнделікті тірліктің өзі қосымша әуреге түсіретін. Жергілікті тұрғын Григорийдің айтуынша, бұған дейін оның отбасы жеке ұңғымасы мен су жинайтын арнайы ыдысты пайдаланған.
«Бізде су құбыры мәселесі өте өзекті болды. Жеке су құбырымыз бен ұңғымамыз бар еді. Суды бөшкеге сорғымен тартып жинайтынбыз. Бірақ бұл өте қолайсыз болды. Көлемі бір текше метр болатын бөшкедегі су түнде таусылып қалуы мүмкін. Үйде ата-анам жалғыз қалса, оларға қайтадан су жинауға барып, сорғыны қосып-өшіру керек болатын. Енді су құбыры тартылғаннан кейін бұл мәселенің бәрі шешілді. Қазір краннан бірден сапалы ауызсу алып отырмыз», – дейді ауыл тұрғыны.
Қазір тұрғындар суды үйіндегі краннан тікелей пайдалана алады. Фильмде атап өтілгендей, Садовое ауылы – заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражат есебінен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған Қазақстандағы 200-ге жуық елді мекеннің бірі.
180 млрд теңгеге жуық қаржыға 200-ге жуық медициналық нысан салынды
Қайтарылған қаражаттың едәуір бөлігі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған. Фильмде келтірілген мәліметке сәйкес, осы қаражат есебінен жалпы құны 180 млрд теңге болатын 200-ге жуық медициналық нысанның құрылысы қаржыландырылған. Олардың шамамен 150-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Авторлар 2026 жылғы ақпанда пайдалануға берілген жаңа жедел жәрдем станциясына да ерекше назар аударған. Мұнда медицина қызметкерлеріне арналған заманауи бөлмелер, жеке диспетчерлік орталық, мамандарды оқытуға арналған симуляциялық орталық және ғимараттың ішінде орналасқан жабық көлік тұрағы қарастырылған. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бұрын жұмыс бөлмелерінен жедел жәрдем көліктеріне дейін қосымша қашықтықты жүріп өтуге тура келген. Қазір көліктер ғимараттың өзінде орналасқандықтан, шақырту түскен сәтте жолға шығу әлдеқайда жылдам.
«Жұмыс жағдайымыз жақсарды. Жаңа ғимаратта бригадалар мен диспетчерлер саны да артты. Жұмыс істеуге кең әрі жайлы орын бар. Бұрын бригада көлікке жету үшін белгілі бір қашықтықты жүріп өтуі керек еді. Қазір көлік тұрағы ғимараттың ішінде орналасқандықтан, бірден шыға аламыз. Осылайша, бригаданың жолға шығуына кететін уақыт барынша қысқарды», – дейді станция қызметкерлерінің бірі.
Мекеме өкілдерінің мәліметінше, жедел жәрдемнің шақырту орнына жетуінің орташа уақыты 10-15 минутқа дейін қысқарған. Бұл, әсіресе, шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда, науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Жаңа мектептер мен балаларға арналған мүмкіндіктер
Қайтарылған активтер білім беру саласын дамытуға да бағытталып жатыр. Деректі фильмде келтірілген ақпаратқа сәйкес, Арнайы мемлекеттік қор есебінен 17 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылуда. Оның оны пайдалануға берілген. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар мен шығармашылық орталықтар бар. Бұл нысандар балалардың білім алуына және қабілетін дамытуына қосымша мүмкіндік береді.
Фильмде көрсетілген нысандардың бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Сайрам мектеп-интернаты. Авторлар мұнда тәрбиеленушілердің жаңа дағдыларды меңгеріп, өз қабілеттерін дамытуына жағдай жасалғанын атап өткен.
Тағы бір мысал – Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті. 2026 жылғы тамызда мұнда қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, ғимарат заманауи оқу корпусына айналған. Жаңа корпуста оқу кабинеттері мен зертханалар жабдықталып, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік жасалған.
Арқалық әуежайы қайтадан ұшақ қабылдай бастады
Қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асқан ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – ондаған жыл бойы жұмыс істемеген Арқалық әуежайын қайта жаңғырту. 2026 жылғы тамызда жаңартылған әуежай алғашқы рейсті қабылдады. Әуежайдың ұшу-қону жолағының ұзындығы – 2500 метр. Ал жолаушылар терминалы сағатына 70 адамға дейін қызмет көрсете алады. Қайта жаңғырту барысында ұшу-қону жолағы жаңартылып, терминал, апаттық-құтқару станциясы, бақылау-өткізу пункті мен гараж нысандары жаңадан салынған.
Фильмде айтылған ақпаратқа сәйкес, әуежай Астана, Алматы және Қостанай бағыттарына қызмет көрсетеді. Бұл бағыттар бойынша рейстер субсидияланады. Билет құны Астана мен Қостанайға – 10 мың теңге, ал Алматыға 25 мың теңге деп көрсетілген. Арқалық тұрғындары үшін әуе қатынасының қайта жандануы басқа қалаларға әлдеқайда жылдам жетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Павлодар, Балқаш және Үржар әуежайлары да жаңғыртылған.
Болашақ чемпиондарға арналған тегін жаттығулар
Қайтарылған активтер есебінен спорт инфрақұрылымын дамытуға да қаржы бөлінуде. Фильмде балалар спорттың он түрі бойынша тегін жаттыға алатын «Көкше Арена» кешені көрсетілген. Ғимаратта спорт залдары, киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары және жаттығуға қажетті басқа да орындар жабдықталған. Әсіресе, жас гимнаст қыздар үшін жағдай айтарлықтай жақсарған. Бұрын олар көркем гимнастика талаптарына толық сәйкес келмейтін ғимараттарда жаттығуға мәжбүр болған.
«Көркем гимнастикамен айналысу үшін төбесі биік зал қажет. Бұл күрделі элементтерді орындауға және гимнасттардың жоғары ұпай жинауына мүмкіндік береді. Енді Қазақстан чемпионаттарына осы залда дайындалуға жағдай жасалғанына өте қуаныштымыз. Қазір бізде екі толыққанды кілем және жаңа зал бар. Балаларға ұнайды, ата-аналар да риза», – дейді жаттықтырушы.
Ал еркін күреспен айналысатын тоғыз жасар Жұмабек жаңа спорт кешеніндегі жағдайға көңілі толатынын жеткізген.
«Маған бұл жер өте ұнайды. Мұнда көптеген жаңа дос таптым. Залымыз да ұнайды. Үлкен, жаттығу құрылғылары көп. Осында күшті болуға болады», – дейді жас спортшы.
Қайтарылған активтер әлеуметтік нысандарға қалай айналады
Заңсыз иемденілген және елден шығарылған активтерді қайтару жұмысы Қазақстанда 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталды. Кейін мұндай активтерді мемлекет меншігіне қайтару тетіктерін айқындайтын арнайы заң қабылданды. Қайтарылған қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылып, одан әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға қаражат бөлінеді.
Jibek Joly TV телеарнасының «Активтерді қайтару» деректі фильмінде осы тетіктің нақты өмірде қалай жұмыс істейтіні көрсетілген. Шағын ауылға ауызсу тартудан бастап, тұтас бір қаланың әуе қатынасын қайта жандандыруға дейінгі жобалар – соның айқын дәлелі. Фильмнің негізгі ойы қарапайым: активтерді қайтарудың нәтижесін мемлекетке түскен қаражат көлемімен ғана емес, оның халықтың өміріне қаншалықты оң өзгеріс әкелгенімен де бағалау қажет.
Бірі үшін бұл – үйіндегі таза ауызсу, енді бірі үшін – дер кезінде медициналық көмек алу мүмкіндігі. Біреулер заманауи ғимаратта білім алып, енді біреулер спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алды. Міне, осындай жобалар – бұған дейін ел экономикасынан заңсыз шығарылған қаражаттың мемлекетке қайтарылуының нақты нәтижесі.
Қазақстан