ЖаңалықтарОқиға

Ақтөбедегі дәмханалардың біріндегі жарылыс: екі адам зардап шекті

Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылды. Салдарынан ғимаратқа жапсарлас салынған құрылыс опырылып, артынша өрт шыққан, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Құрылыс опырылып, өрт шыққан

Ресми ақпаратпен Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері бөлісті. Оқиға Алтын Орда ауданындағы Тәуелсіздік көшесі, 14/1 мекенжайында болған. Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы тіркелген.

Салдарынан дәмханаға жапсарлас салынған құрылыс опырылып, кейін өрт шықты. Сонымен қатар үйдің терезе конструкциялары зақымданған.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар тарады. Кадрлардан ғимараттың үстінен көтерілген қою түтінді көруге болады. Түтіннің алыстан да анық байқалғаны түсірілген.

Оқиға орнына бірнеше жедел жәрдем көлігі барған. Сондай-ақ тараған кадрларда ғимарат маңында тұрған көліктердің бірінің зақымданғаны байқалады.

Екі адам ауруханаға жеткізілді

Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, оқиға орнына құтқарушылар жедел жетті. Өрт сағат 10:53-те толық сөндірілген.

«Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Олар жедел медициналық жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.

Өртті сөндіруге ТЖД-ның 40-тан астам қызметкері мен арнайы техникасы жұмылдырылған. Оқиға орнында департамент бастығы да жүр.

Алдын ала мәлімет бойынша, ажал құшқандар жоқ. Қазір мамандар оқиға себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Back to top button